$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.10.2020, 14:03
Кейіпкер

Мұғалімдерді 58 жастан кейін зейнетке жіберу қажет – алматылық педагогпен сұхбат

Ұстаз қазіргі педагогтардың мәртебесін әлі де көтеру керек деп есептейді

Мұғалімдерді 58 жастан кейін зейнетке жіберу қажет – алматылық педагогпен сұхбат

Қанымжан Дүкенбаева Алматы қаласындағы №76 жалпы білім беретін орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі. Бүгінгі халықаралық мұғалімдер мерекесіне орай Azattyq Rýhy тілшісі алматылық ұстазбен Қазақстандағы білім жүйесі, мұғалім мәртебесі мен онлайн оқу туралы әңгімелесті.

АТА-АНАМЫЗ «МҰҒАЛІМІҢ КЕЛЕ ЖАТЫР» ДЕП ТӘРБИЕЛЕЙТІН

Кейіпкеріміз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Ұстаздық қызметте жүргеніне 35 жылдан асқан. Педагог мамандығына жүрек қалауымен келдім деген Қанымжан апай қазір мұғалімдікке көпшілік жастар грант үшін ғана түседі дейді.

«Біздің бала кезімізде педагог пен дәрігер болу мамандықтардың үздігі болып саналатын. Ауылдағы ұстаздарымызға қарап шәкірт тәрбиелеуден артық мәртебе бар ма деп ойлайтынбыз. Ол заманда мұғалімге деген құрмет биік еді, ата-анамыз үйде де, түзде де «мұғалімің келе жатыр» деп тәрбиелейтін. Соған орай біз де мұғалімдерімізді ерекше сыйлайтынбыз, жақсы көретінбіз, өскенде сабақ беруді армандайтынбыз.

Осы бір балалық арман мені Алматыға жетелеп әкелді. Ол заманда ақылы оқу түрі жоқ, екі жыл сынақтан сүрініп жүріп оқуға түскен едім. Бүгінде аталған мамандыққа көбінде грант үшін, әйтеуір жоғары оқу орнын оқысам болды деген мақсатпен түсушілердің қатары көбейді. Жастардың бойынан ұстаз болуға деген ерекше қызығушылықты да сирек кездестіремін. Екінің бірі заңгер, экономист болғысы келеді. Бұған мұғалімдердің айлығының аз болуы, қағазбастылық, балалармен жұмыстың қиындығы себеп шығар. Болашақта жастарымыз үшін мұғалім болу мәртебе саналатын уақытқа да жетіп қалармыз деген үміттемін», - деді алматылық ұстаз.

ОНЛАЙН ОҚУ ЖҮЙЕСІ

Наурыз айынан беріп онлайн оқуға көшкен ұстаз шәкірттерін сағынғанын жасырмады.

«Көктем кезінде алғаш онлайн сабақ беру қиындау болды. Бұрын мектепке барып жүргенде «шаршадық» деуші едік, карантинде сол шаршаған күндерді, улап-шулаған балаларды сағындық, олар бізді сағынды. Індет тезірек аяқталып, шәкірттерімізбен қауышсақ екен. Балалар «апай, сіздерді сағындық» деп аудио, видео жіберген кездері жүрегіміз ауырды.

Алғашқы екі ай біраз қиналдық. Содан педагогтер жаз бойы күзгі жаңа оқу жылына дайындалдық. Мысалы, Алматы қаласы музыка пәнінің ұстаздары демалыс кезінде жоспар бойынша бекітілген сабақтарға слайд жасап, түрлі видеолар жазып, жаңа оқу жылы шәкірттеріміз үшін іш пыстырарлық болмасын деп тыным таппадық.

Музыка – негізгі пәндердің бірі саналмағанымен, бастауыш сынып балалары ән күйді, домбыра мен баянды жақсы көреді. Музыка арқылы оқушылардың фольклорға, тарихқа, мәдениет пен өнерге деген махаббаты, талғамы қалыптасады. Сол себепті музыка пәніне «негізгі пән емес» деп қолды сілтемеу қажет. Баланың өнерге, сахна мәдениетіне, театрға деген құрметі осы пәннен бастау алады. Әсіресе ауылдан келген балалар өнерге, өлеңге, поэзияға бір табан жақын болып келеді. Оның үстіне, оқушылар шығармашылық бағыттағы музыка, бейнелеу, технология сабақтарын асыға тосады. Бәлкім, ән айтып, қолөнермен айналысу, сурет салу өзге ауыр пәндерден бір сәт демалтатын болар. Осыны білгендіктен, оқушыларға әр сабақты қызықты өткізуге тырысамын»  - деді ол.

ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН НЕМЕСЕ ОҚУШЫ МЕН ҰСТАЗДЫ ТЕНТІРЕТКЕН ПЛАТФОРМА

Онлайн сабақтың алғашқы айы мұғалімдердің өзіне оңайға соқпады деген кейіпкеріміз еліміздің білім жүйесінде бірізді платформа болса дейді.

«Онлайнның бір кемшін тұсы – сабақ беретін платформалардың көптігі. Біресе ZOOM-ға, біресе Bilim Land-қа, енді келіп «Сфераға» өтіңдер деп оқушыларымызбен платформадан плафтормаға көшіп жүрміз. Біздің білім жүйемізге жүйелі, бірізді платформа қажет. Цифрлы Қазақстан деп оқушыларға сабақ өтеміз, бірақ интернетіміз бен сабақ өтетін қосымшаларымызды мен айтпасам да көріп жүрсіздер.

Мектеп оқулықтарының көбінің сапасы сын көтермейді. Онлайн ата-анаға да, ұстаздарға да оңай болып жатқан жоқ. Әсіресе техниканың тілін жете біле бермейтін жасы үлкен ұстаздар оқушылармен бірге компыютерді қайта меңгеріп жүр. Бастауыш сынып оқушылары таңертең ұйқысырап, аналарына еркелеп кетеді. Интернет дұрыс істемей кеткен кезде, WhatsApp арқылы тапсырма беріп кететін сәттер де болады.

Мұның бәрі уақытша құбылыс болғанымен, сабақ алар тұстары жетерлік. Бұрын «менің балама неге дауыс көтересіз?» деп хабарласатын ата-аналар қазір «ой, апай, осынша балаға шыдап жүрген сіздерге ескерткіш қою керек қой» деп жазады. Осының өзіне қарап қадірімізді біліп жатқан ата-аналарға рақмет дейсің.

Менің пәнім музыка болған соң, онлайн сабақ отбасым үшін де шағын концерт болып кетеді (күліп). Сабақ барысында оқушыларды сергіту үшін домбыра, баянмен ән айтамын. Кенже қызым менің әндерімнен ұйықтай алмай, «мам, бүгін ән айтпай-ақ қойыңызшы» деп ренжіп жатады. Онлайнның да осындай қызықтары бар. Дегенмен баланың көз алдыңда отырғанына ештеңе жетпейді екен», - дейді Қанымжан апай.

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ

Қанымжан апайдың сөзінше, мұғалімдердің мәртебесі бюджеттен жеңілдікпен үй беруден әрі аса алмай отыр.

«Былтыр Ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданып, біраз талқыға салдық. Мұғалімдерге бюджет қызметкері ретінде жеңілдікпен үй беруден басқа мәртебе байқаған емеспін. Алтынсарин үздігі марапатын лайықты мұғалімдерге көбірек тағайындау керек. Әйтпесе қазір не көп, марапат көп. Бірақ солардың саны бар, сапасы жоқ.

Жасыратыны жоқ, конкурстардың жүлделі орындары көп жағдайда сатылады. Музыкалық конкурстардың қайсыбіріне қатыспайық, оқушы да, мұғалім де ақша төлейді. Шығармашылық қайда, мұғалімнің еңбегі қайда?!

58 жастан кейін әйел адамдардың бұл салада жұмыс істеуі қиын, себебі, энергиясы тасып тұрған балаға физикалық жағынан ілесудің өзі бұл жаста оңай емес. Мұғалімнің жүйкесі де жұқарып, сабақ беруге деген ынтасы механикалық әдетке айналып кетеді. Сондықтан мұғалімдерді зейнетке 58 жаста шығару қажет деп ойлаймын.

Мұғалімдердің жылына бір рет келетін төл мерекесінде де сыйақы берілмейді, Кәсіподақтар тарапынан берілетін шипажайларға жолдамалар аз, болған күнде де 50% өзің төлейсің. Ұстаздың еңбегін, мәртебесін айқалап айта бергенше, кішкентай болса да нақты істермен көрсету керек деп білемін», - деді ол.

ЖАҢА ЗАМАННЫҢ ПЕДАГОГІ МЕН ОҚУШЫСЫ

Сөз соңында Қанымжан апайдан «жаңа заманның оқушылары қандай?», «қазіргі педагог қандай болу керек?» және әріптестеріңізге не тілейсіз деп сұраған едік.

«Қазіргі заманның педагогі білімді, техниканы терең меңгерген, сыни ойлай алатын, сапалы білім беруге қабілетті болу керек. Бүгінгі заманның оқушылары сәт сайын дамып жатыр. Соған орай, ұстаздарға да замана көшінен қалуға болмайды. Яғни, күнбе күн жан-жақты дамып отыру керек. Видео сабақтар түсіріп, оны өңдеп, әлеуметтік желілерге жүктеп, слайдтарыңды жасап бесаспап болмасаң, оқушы үшін қызық болмайсың.

Қазіргі балалардың талаптары да, талғамдары да бөлек. Техниканың тілін бізден жақсы біледі, оларды ерекше дүниелермен қызықтырудың өзі қиын. 2000 жылғы оқушылармен салыстырар болсам, бүгінгі шәкірттерімнің арасы жер мен көктей. Жаңа заманның балалары еркін, білімді, жан-жақты, құлдық санадан ада, бойларындағы комплекстері аз. Осы жағы ерекше қуантады.

Бір өкініштісі, қазіргі балалар кітап оқымайды. Тапсырма берсең бәрін интернеттен көшіріп әкеледі. Кейде үй тапсырмалары бір бірінікінен айнымай жатады. Техниканың мүмкіндіктері балалардың жалқау болуына жанама әсерін беріп жатыр. Ал, кітап оқымаған бала тарихты, әдебиетті қайдан білсін?!

Екі мыңыншы жылғы оқушылар тым құрыса «Ботагөз», «Ұлпан», «Көшпенділер», «Ақан сері», «Абай жолы» романдарын оқушы еді, қазіргілер әншілерді ғана таниды. Оларды танымай қайтсін, күн сайын экраннан көретіндері кілең әнші. Музыка сабағында кейде «апай, Қайраттың, Төреғалидың әндерін айтайықшы» деп қиылады (күліп). Әрине, өнерде шекара жоқ. Бірақ біздің болашақ әншілерде емес, ғалымдар мен ұстаздар, дәрігерлер мен кәсіпкерлерде ғой. Сондықтан экранның төрінде, радио мен БАҚ беттерінде ғылым мен ғалымдар туралы көптеп айтылуы керек. Бір ғана мұғалім ештеңені шешпейді, ұрпақ тәрбиесінде бәріміз жұмыла жұдырық болмасақ, елдігімізден не пайда?!

Ұстаз арқалаған жүктің ауырлығын осы салада жүрген мамандар ғана жете түсінеді. Қазақстанда ұстаздардың мәртебесі қағаз жүзінде ғана емес, шынымен іс жүзінде жүзеге асса деп тілеймін. Әріптестерім, дендеріңіз сау болсын! Шәкірттеріңіз әрқашан биік белестерден көріне берсін!», - деді ол.

Видеода: Қанымжан Дүкенбаеваның шәкірттері

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары