Батыс Қазақстанда қосалқы станцияға шыққан оқушыны тоқ соғып, көз жұмды
Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды
Орал маңындағы Круглоозерное кентінде электр қосалқы станциясының аумағында 10 жастағы баланы тоқ соғып, көз жұмды. Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, қайғылы жағдай 2026 жылғы 1 қыркүйек күні кешке болған. 2015 жылы туған кәмелетке толмаған бала электр қосалқы станциясына шығып, оны тоқ соққан.
«Салдарынан ол жерге құлап, есін жимастан оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, бесінші сыныпта оқыған марқұмды жақындары соңғы сапарға шығарып салған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қосалқы станциядағы кернеу 10 мың вольт болған. Ал нысан қоршалмаған және есіктері құлыпталмаған күйде, ашық тұрған.
Куәгерлердің айтуынша, қатты жарқыл мен ұшқыннан кейін баланы тоқ соққысы кері лақтырып жіберген.
«Оқиғаны көрген балалар бірден марқұмның ағасына қоңырау шалған. Ол оқиға орнына жүгіріп келіп, жасанды тыныс алдыруға тырысқан, бірақ баланың соңғы демін ғана көріп үлгерген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қатты электр тогы баланың барлық ішкі ағзасын зақымдаған», – делінген хабарламада.
Жергілікті тұрғындар мен жақындары марқұмды өте мейірімді, ақылды әрі елгезек бала ретінде еске алады.
Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып, қауіпті нысандарға жақындауға қатаң тыйым салуға шақырды.