Жүргізуші куәлігінен айырылған: Ақтөбеде жас жігіт мас күйде рульге отырып, полициядан қашқан (ВИДЕО)

Оқиға 2 қыркүйек күні таңғы сағат 5:00 шамасында болған

Ақтөбеде көлік жүргізу құқығынан жеті жылға айырылған 24 жастағы ер адам арада үш ай өткеннен кейін мас күйде рөлге отырып, полициядан қашқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 қыркүйек күні таңғы сағат 5:00 шамасында болған. Сартай батыр көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Avensis автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының талабын орындамай қашқан. Полицейлер көліктің соңынан қуып, оны тоқтатты.

Көлікті 24 жастағы жергілікті тұрғын жүргізді. Тексеру барысында оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізушінің көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

«8 маусымда сот шешімімен ер адам көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылған. Алайда үш айға да жетпей қайтадан көлік тізгініне отырған. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Жүргізуші ұсталып, Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Заңнамаға сәйкес, мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – делінген ПД хабарламасында.