«Оятпағанда не боларымызды білмеймін»: БҚО-да полицей бүтін бір отбасыны өрттен аман алып қалды (ВИДЕО)

Полиция қызметкері ұйқыдағы отбасыны өрттен құтқарып қалды

«Оятпағанда не боларымызды білмеймін»: БҚО-да полицей бүтін бір отбасыны өрттен аман алып қалды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері түнгі уақытта шырт ұйқыда жатқан бүтін бір отбасыны алапат өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, 1 қыркүйекке қараған түні Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданы Қырқопа ауылының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Нұрмұханов Нұрлыбай әдеттегідей ауылдағы есепте тұрған тұлғаларды тексеру және қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында түнгі аралауға шығады.

Ауыл тұрғындары шырт ұйқыда, төңірек жым-жырт. Таңғы сағат 04:30 шамасында полиция капитаны үйлердің бірінің ауласынан көкке көтерілген қою түтінді байқап қалады. Ойлануға уақыттың жоқ екенін түсінген Нұрлыбай ойланбастан оқиға орнына қарай ұмтылады. Үймен жанамаланып салынған мал қораның өртеніп жатқанын және жалынның тұрғын үйге қарай таралып бара жатқанын көреді. Ол үй тұрғындарын оятып, бала-шағасымен бірге қауіпсіз жерге шығарады. Өрт сөндірушілер келгенше үй иелерімен бірге қорадағы малды шығарып, жалынды құммен ауыздықтап, өрттің үйге өтуіне жол бермейді.

«Нұрлыбай келіп оятпағанда, бала-шағамызбен не боларымызды білмеймін. Отбасымызбен оған алғысымыз шексіз»,– дейді үй иесі Есқали Мұратов.

Осылайша, полиция қызметкерінің дер кезінде жасаған әрекетінің арқасында бір отбасы тілсіз жаудан аман қалды.