Алматыда үш ер адам жүріп бара жатқан пойызға секіріп мінбек болған

Олардың үстінен іс қозғалды

Алматыда үш ер адам жүріп бара жатқан пойызға секіріп мінбек болған
Фото: ҚТЖ

Алматы-1 вокзалында үш ер адам жүріп бара жатқан пойызға секіріп мінбек болған. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 2 қыркүйек күні теміржол көлігінің ережесін өрескел бұзғандарды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы – Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы қозғала бастаған кезде олар локомотивтің тұтқасынан ұстап, жүріп келе жатқан пойыздың баспалдағына секіріп мінуге әрекет жасаған. Бұдан бөлек, ер адамдар машинист кабинасына бөгде заттарды лақтыра бастаған.

«Теміржол – қауіптілігі жоғары аймақ. Мұндай заңға қайшы әрекеттер заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады», – деп мәлімдеді Көліктегі полиция басқармасы.

Адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнгендіктен, машинист шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Соның салдарынан пойыз жоспардан тыс екі минутқа тоқтаған.

Ұсталғандар полиция бөлмесіне жеткізілді. Тексеру барысында олардың Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары екені, жастары 32-35 аралығында болғаны анықталды.

Ер адамдарға алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу, сондай-ақ теміржол көлігі нысандарындағы тәртіп ережелерін бұзу фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалды.