«Біраз адам мерт болатын еді» – Кореяда 10 адамды өрттен құтқарған қазақстандықпен сұхбат
Әлиакбар Юлдашев 2017 жылдан бері Корея Республикасында жұмыс істейді
28 жастағы қазақстандық Әлиакбар Юлдашев 2020 жылдың наурыз айында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясы Янъян қаласындағы жатақханалардың бірінен өрт шыққан кезде 10 адамды құтқарып, жергілікті БАҚ-тың басты қаһарманына айналды. Әлиакбардың көзсіз ерлігінен кейін, провинция тұрғындары туристік визамен заңсыз мигрант болып жүрген қазақстандық азаматқа тұрақты тіркеу беруді сұрап, петиция жинаған. 2017 жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін жерлесімізбен Azattyq Rýhy тілшісі әңгімелескен еді.
КОРЕЯДАҒЫ БІР КҮНДІК ТАБЫС – $100
Түркістан облысының тумасы Әлиакбар Юлдашев 2017 жылы таныстарының шақыруымен отбасымен Кореяға жұмыс істеуге барған.
«Кореяда таныс достарым жұмыс істеп жатқан соң, тәуекелге бел буып, әйелім мен ұлымды алып келдім. Басында «Шекарадан өте алмай қаламыз ба?» деген қорқыныш болды. Қазір тіл меңгеріп, осы жаққа үйренісіп кеттік. Негізінен, құрылыс жұмысы, су құбырларын жүргізумен айналысамын, бетон бұзамыз, оны құямыз. Көбіне жұмысымыз – құбыр тарту», - дейді ол.
Бір ұл, бір қызы бар Әлиакбар Түркістанда ата-анасымен бірге тұрған. Тапқан табысы үлкен отбасының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жетпеген соң, Корей еліне аттанған.
«Мұндағы айлығым жұмысқа шыққан күніме байланысты. Бір күнде $100 табуға болады. Оның үстіне, мен тіл білетіндіктен, айлығымды өсірді. Қазақстанда осындай табыс болса, шетелге келмес едік. Ауылда да жүріп осы табысты тауып жүргендер бар шығар, бірақ мен ата-анаммен, әйелім және екі баламмен бір үйде тұрдық. Қазақстанда тапқан табысыммен біз қиналып қалатын едік. Балам осы жақта мектепке барады. Биыл бірінші сыныпты аяқтады», - деді ол.
ЖАТАҚХАНАДАҒЫ ӨРТ НЕДЕН ШЫҚТЫ?
Әлиакбар өзі тұратын жатақханадан өрт шыққан күні достарымен кездесіп, үйіне келе жатқан.
«2020 жылдың 23 наурызында кешке достарыммен кездесіп, түнгі сағат 11.20-да өзім тұратын жатақханаға келгенмін. Үйге қарай екінші қабатпен көтеріліп келе жатып, түтіннің иісін сездім. Содан дәліздің соңында орналасқан әйнекке барып, түтін сырттан кіріп жатқан шығар деп қарап шықтым. Түтіннің сырттан емес, іштен шығып жатқанына көзім жеткен соң, бөлмеме қарай бет алдым. Менікі 201-бөлме, жолай 203-бөлме ішінен қатты дауыс шығып жатқанын естідім. Жақындап қарасам, есіктің шетінен қап-қара түтін шығып жатыр. Іштегі адам көмек сұрап, айқайлап жатты. Содан есікті ары жұлқылап, бері жұлқылап, аша алмадым. Осылай әбігерге түсіп, айқайлап жатқанымда көрші бөлмеден бір кәріс азамат шықты. Екеуміз үйдің қожайынына хабарласып жатқанда, қожайынның әйелі алдымыздан шықты. Дереу төменге түсіп, кілтті алып келдік. Есік ол кілтпен де ашылмайды. Кілтті бірнеше рет есікке салып, бұрап көрдім. Нәтиже болмады. Сонда өрт болардан 3-4 күн бұрын қабырғаға газ құбырын орнатқаны есіме түсті. Сол құбырмен екінші қабатқа шығуға болатынын ойлап, бірден екінші қабатқа көтерілдім», - деді кейіпкеріміз болған оқиға жайлы баяндап.
Есікті аша алмайтынын білген Әлиакбар өртке қарамастан, ішке балкон арқылы енген. Тілсіз жауды Әлиакбар байқамағанда, жатақханадағы біраз адам өрттен көз жұмуы мүмкін болған.
«Әйнек балконнан үйге кірсем, қап-қара түтін, матрас жанып жатыр, ыстық ауа бет қаратпайды. Бір жақсысы, жатақханадағы бөлмелердің іші бірдей. Қай заттың қайда тұратынын біліп, есікке дейін жеттім. Есікті ішінен итеріп те аша алмай біраз тұрдым. Сол аралықта дем жетпей бара жатқанын біліп, есікті әрең аштым. Сонда екі жақтан кірген ауадан жалын күшейіп, арқам мен желкем, құлағым мен мойнымды күйдірді. Бірден дәлізге шығып, еденге жатып демалдым. Іштегі жалын өршіп кеткен, қайта кіруге мүмкіндік болмады. Кірмейін десем, іште 50 жастағы әйел адам бар. Бірақ біз кіре алмадық. Айқайлап жүріп, іштегі адамдарды шығарып үлгердік. Сол кезде құқық қорғау қызметкерлері, жедел жәрдем келді. Өрт сөндірушілер өртті өшірген соң, іштегі әйелдің мәйітін алып шықты. Егер үйге ертерек келгенімде әйел адам аман қалар ма еді деген өкініш бар. Мен сол өртті байқамағанымда, біраз адам көз жұмар ма еді?! Өртке оранған бізге көршілес бөлме еді. Бәлкім, мен себепші болып, Алла бізді сақтап қалған болар», - дейді ол.
КӨРШІЛЕРІ ӘЛИАКБАРДЫҢ ЕМІНЕ ҚАРАЖАТ ЖИНАҒАН
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлеріне тұрғындар қазақстандық азаматтың ерлігі туралы айтқан. Қызметкерлер келген кезде Әлиакбар өзінің заңсыз эмиграция фактісі анықталып, Оңтүстік Кореядан экстрадицияланамын ба деген қорқынышпен оқиғаға орнынан кетіп қалған. Алайда, кейінірек Әлидің көршілері денсаулығына байланысты оны жергілікті ауруханаға жеткізген.
«Жедел жәрдем алғашқы көмек көрсетті. Полиция менің мекенжайымды, телефон нөмірімді жазып алды. Ертесінде учаскеге барып, оқиғаның қалай болғанын толықтай баяндап бердім. Әзірге мені елден шығарған жоқ. Дәрігерлер менің тіркеу картамды сұрады, содан мен заңсыз жүргенімді мойындадым. Медициналық сақтандыру картамның жоғын білген көршілерім еміме қажетті жеті миллион вонды (шамамен 2,4 миллион теңге) жинай бастады. Әзірге менің бұл елде түпкілікті тұруыма құқық берілмеді. Жылдың аяғына дейін бұл мәселе шешілуі тиіс», - дейді кейіпкеріміз.
ШЕТЕЛДЕГІ ӨМІРІ ЖАЙЛЫ
Әлиакбарды достары еркелетіп Әли деп атайды. Әлидің бір қыз, бір ұлы бар. Ұлы биыл бірінші сыныпты аяқтаған. Ол тапқан табысының бәрін Қазақстандағы ата-анасына жіберетінін айтты.
«Қазір отбасым Қазақстанда. Ұлым биыл бірінші сыныпты аяқтады. Жинаған табысымды елдегі отбасыма жіберіп тұрамын. Алла қаласа, болашақта еліме ораламын. Үш жылдың ішінде корей тілін жақсы меңгердім. Бұл жақтағы өмір Қазақстанмен салыстыруға келмейді (күліп). Корей халқы ерте жатып, ерте тұрады. Тәртіпке, заңға қатты бағынады. Мұнда қазақстандықтар көп, олармен араласып тұрамыз. Жаңадан келіп жатқандарына ақылымызды айтып, жұмыс табуға көмектесеміз. Жастар жұмыс іздеп емес, білім алуға келсе де мүмкіндік көп», - деді ол.
Әлиакбар осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстанға келіп кеткен. Ол кезде Кореяда жол апатынан көз жұмған қазақстандық жігіттің мәйітін елге әкелуге көмектескен. Әлиакбар наурыз айындағы ерлігі үшін Кореяның өрт сөндіру қызметінің, LG компаниясы мен Янъян қаласы басшысының марапаттарын иеленген.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан