Көшеде тұрған бозбаланы атып, өлтіріп кеткен: Түркістанда алты адам ұзақ жылға сотталып кетті
Бұл іс бойынша барлығы жеті адам күдікті ретінде танылған, қазір біреуі іздеуге жарияланды
Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірім қаза тапқан атысқа қатысты іс бойынша алты адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, былтыр қарашада Түлкібас ауданында бетперде таққан адамдар көшеде тұрған төрт жас жігітке қарата оқ атқан. Салдарынан 17 жастағы жасөспірім сол жерде қаза тауып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілген.
Бұл іс бойынша барлығы жеті адам күдікті ретінде танылған. Олардың біреуі іздеуге жарияланып, қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қалған алты адам сот алдында жауап берді.
«Олардың үшеуі оқиға орнына барып, қару қолданып, жәбірленушілерге қарай оқ атқан. Қалған үшеуі оқиға орнына барудан және қару қолданудан бас тартқан. Алайда қару қолданылатынын білгендіктен, бұл туралы полиция қызметкерлеріне хабарлауы керек еді», – деді мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Дәурен Мадалиев.
Сот шешімімен басты айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған тағайындалған жазаның қатаң болуына қылмысты қайталап жасағаны себеп болған. Тағы екі адам 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмысты жасырғаны үшін айыпталғандардың біріне 3 жыл, екіншісіне 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы бір сотталған адамға 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Алайда оған рақымшылық қолданылып, сот залында қамаудан босатылды.