Астанада мас ер адам бөтен пәтерге кіріп кетіп, үш кішкентай баланың жанында ұйықтап қалған
Полиция жағдайды бақылауға алды
Астанада ер адам бөтен пәтерге кіріп кетіп, үш кішкентай баланың қасына ұйықтап қалған. 12 қыркүйекте болған жағдайды қала тұрғыны әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жазба авторының, оқиға болған күні баланың анасы сағат 10:35-те жұмысқа кеткен. Үйде 6, 4 және 2 жастағы үш бала ұйықтап жатқан. Балалардың әкесі әйеліне телефон соғып, жұмыстан үйге келе жатқанын айтқан.
Шамамен сағат 11:00-де әкелері үйге келгенде, пәтер есігінің тұтқасы сынғанын және кіреберісте бөтен аяқ киім тұрғанын көрген. Үйіне кіргенде, бөтен ер адам үш баласының жанында ұйықтап жатқан.
Әлеуметтік желідегі жазбада айтылғандай, балалардың әкесі алдымен ер адамды тыныш оятып, үйден шығарып жіберуге тырысқан. Алайда ол бірден балалардың әкесіне жұдырық ала жүгіріп, оны сабаған екен.
«Оқиға балалардың көз алдында болды. Олар қорқып, жылап, көмек шақырған. Дауысқа көршілер келіп, балаларды өз үйлеріне алып кетті және полиция шақырды. Кейін балалардың анасына хабар беріп, үйге шұғыл келуін сұрадық», - деп жазды зардап шеккен отбасының туысы.
Оқиғаға қатысты Астана полициясының баспасөз қызметі редакциямызға ресми комментарий берді.
«Полицияға пәтерде бөгде ер адамның болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барды. Тексеру барысында оқиғаға қатысы бар адамдардың бәрі анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас күйінде көршілес пәтерге кіріп кеткен. Балалар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталады», - деп мәлімдеді Астана ПД баспасөз қызметі.