$ 518.19  597.32  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT»: Қызылорда облысында 766 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілді

Өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 17,6%-ға артып, 766,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

«AMANAT»: Қызылорда облысында 766 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілді
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Соңғы үш жылда Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артты: 766,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп көлемі өсті, сондай-ақ 64,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXXV конференциясында баяндалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Басқосуға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, мәслихат депутаттары, облыстық және аумақтық филиал өкілдері, Саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және қоғам белсенділері қатысты.

Жиын барысында партияның облыстық филиалының төрағасы сайланып, Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Ашық дауыс беру арқылы облыстық филиалдың жаңа төрағасы лауазымына Жандос Базартай сайланды.

Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жаңа төрағаның қызметіне табыс тілеп, оның өңір дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына тоқталды.

«Партиялық жобаларымыз халық арасында зор қолдауға ие болып отыр. Мұны Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында және Үкімет отырысында арнайы атап өтуі – біздің ортақ еңбегімізге берілген лайықты баға. «AMANAT» партиясы – елді ортақ құндылықтар жолында ұйыстыратын, ұлттық мүддені биік қоятын саяси күш. Біздің басты миссиямыз – халықтың үміті мен сенімін ақтап, қоғамды бір мақсатқа жұмылдырып, елдің жарқын болашағы үшін бірлесіп еңбек ету», – деді ол.

«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Цифрлық қоғам» жобалары нақты нәтиже беруде. Мәселен, «Жер аманаты» өңірлік комиссиясы облыс аумағында 64,5 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында аймақта 15896 адам оқудан өтті.

Өз кезегінде облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, соңғы 10 айдың көрсеткішін баяндады.

«Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстың өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 98,6%-ға жетті, ал өңдеу өнеркәсібі бойынша 110,7%-ды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 602,8 млрд. теңгені құрап, 116%-ға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 17,6%-ға артып, 766,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9% болды. Сонымен қатар өңірде 38 923 адам жұмыспен қамтылып, орташа айлық жалақы 353,2 мың теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке 356,4 млрд. теңге түсім түсті» – деді ол.

Өз кезегінде Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұмабек Ембергенов партияның сайлауалды бағдарламасындағы жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен сапалы жүзеге асып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, айқын көрінісі бүгінгі Қызылорда облысының даму серпінінен анық байқалады.

«Әділетті Қазақстанды құру жолында «AMANAT» партиясының мүшелері бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде аймақта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Ортақ абырой жолындағы жарқын жетістіктерде «AMANAT» партиясының үлесі зор. «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы іргелі істердің ұйытқысы болып, партия активімен бірге облыстың дамуына лайықты үлес қосуда», – деді ол.                                                                         

Конференция соңында бірқатар партия белсенділері мен бастауыш ұйым өкілдері марапатталды.

Серіктес жаңалықтары