$ 518.19  597.32  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ШҚО-да ер адамның сөмкесінен 5 мың доза мефедрон есірткісі табылды (ВИДЕО)

Оның нарықтағы құны 34 млн теңгеден асып түседі

ШҚО-да ер адамның сөмкесінен 5 мың доза мефедрон есірткісі табылды (ВИДЕО)
Фото: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында аса ірі мөлшерде мефедрон таратумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia.kz мәліметіне сүйенсек, ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыс прокуратурасымен бірлесіп, синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде жасырын жеткізіп, таратумен айналысқан көршілес облыстың 27 жастағы тұрғынын қолға түсірді.

Жеке тінту барысында күдіктіден ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет табылып, тәркіленді. Одан кейін оның тұрғылықты жерін тексеру кезінде қызғылт түсті ұнтақ салынған тағы бір пакет, сондай-ақ есірткіні бөліп-қаптауға арналған бес электрондық таразы мен арнайы қаптамалар анықталды.

Сараптама нәтижелері алынған заттардың мефедрон (496,71 г) және «А-PVP» (581,13 г) психотроптық заттары екенін растады. Бұдан бөлек, полицейлер күдіктінің жасырын орындарының бірінен шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі тапты. Жалпы тәркіленген есірткінің салмағы 1,5 келіден асып түсті. Бұл шамамен 5 000 бір реттік дозаға тең, ал қара нарықтағы құны 34 млн теңгеден жоғары.

Тергеу барысында күдіктінің қазан айында өңірге келіп, қаланың әр аудандарында есірткі заттарын «жасырын орындарға» бөліп қоюмен айналысқаны анықталды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция есірткіні қолдану мен тарату — азаматтардың денсаулығына ауыр зиян келтіретін, бостандықтан айыратын және қоғамға зор қауіп төндіретін қылмыс екенін еске салды. Тұрғындардан күмәнді әрекеттерді немесе бөтен адамдардың күдік тудыратын қозғалыстарын бірден құқық қорғау органдарына хабарлау сұралады.

Серіктес жаңалықтары