Қазақстанға Ресейден 20 тонна құс еті заңсыз өткізілмек болған
Мекемеге Қазақстан аумағына өнімдерді экспорттауға рұқсат берілмеген
ҚР аумағына өтетін «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде ірі көлемдегі заңсыз құс етін әкелу әрекеті анықталды. Бұл жағдай елдегі ветеринариялық қауіпсіздік пен тағы да күшейтілген бақылау шараларының маңызын көрсететін маңызды фактілердің бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресей Федерациясының Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған жүк көлігі міндетті тексеру барысында тоқтатылған. Тексеру кезінде көліктен құжаттары талапқа сәйкес келмейтін 20 тонна құс еті табылды.
Белгілі болғандай, аталған құс етін өндіретін кәсіпорын Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) рұқсат етілген ұйымдар реестрінде жоқ. Яғни бұл мекемеге Қазақстан аумағына жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттауға рұқсат берілмеген.
Ветеринариялық-санитариялық нормалардың бұзылуына байланысты жүк көлігі Ресейге кері қайтарылды. Ал көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Биыл жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық заңнаманы бұзу бойынша 204 факті тіркелген. Нәтижесінде:
- 204 көлік кері қайтарылды;
- 130 әкімшілік хаттама рәсімделді;
- Айыппұлдардың жалпы сомасы 11 млн теңгеден асты.