Ақмола облысында 100-ге жуық адам көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылды
Олар ішімдікке мас күйде бірнеше рет ұсталған
Ақмола облысында 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша (көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы, сондай-ақ мас күйінде басқару) 96 адам көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылып, сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мысалы, Зеренді ауылының тұрғыны, бұрын 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан алкогольдік мас күйінде рульге отырған. Белгілі болғандай, сотталған азамат Зеренді ауылында ауыл шаруашылығы техникасын, яғни «Т-40» маркалы дөңгелекті трактор жүргізген.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды және көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Аталған кезең ішінде 1549 жүргізуші мен көлік иесі әкімшілік қамауға алынып, көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік құралын басқару – бұл заңды бұзу ғана емес, ең алдымен адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет екенін ескертеміз.
Сондай-ақ көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйіндегі адамға басқаруға беру немесе рұқсат ету де жауаптылыққа әкеледі.
Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігінен айырудан бастап, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң шаралар қарастырылған.