«Жиі шағым түсетін»: Астанада қайғылы оқиға болған үйде 16 лифтінің 12-сі жұмыс істемей тұрған
Астанада апат болған тұрғын үй кешеніндегі сұмдық жағдай айтылды
Астанада апат болған тұрғын үй кешеніндегі сұмдық жағдай белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысты Астана қаласының әкімдігіне қарасты Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, «Арыстан» тұрғын үй кешенінде (Төлебаев к., 5 үй) 16 лифт орнатылған (әрбір кіреберісте 2 лифт). Тұрғындар кірген сәттен бастап лифт қызметін «Эколифт» ЖШС компаниясы атқарған, алайда тұрғындардан жиі шағым түскен.
«Жауапты органдар – ЕҚК, аудан әкімдігі және тұрғын үй инспекциясының өкілдерінің тексерулері мен шығу жиындары нәтижесінде 2025 жылдың 25 қыркүйегінен бастап «A-TEKNIK» ЖШС лифт қызметін «LIFT STROY IMPORT» ЖШС компаниясына ауыстырған.
16 лифтінің тек 6-ауы ғана пайдалануға беріліп, Басқарманың есебіне қойылған. Қалған 10 лифт есепке алынбаған және пайдалануға берілмеген. «A-TEKNIK» ЖШС компаниясына лифтілерге қатысты бірнеше ескерту берілген. Сонымен қатар, Астана қаласының мамандандырылған аралық экономикалық сотының шешімі бойынша құрылысшы «A-TEKNIK» ЖШС-ға кемшіліктерді жою, лифтілерді іске қосу және қауіпті техникалық құрылғыны «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ-ге есепке қою жөнінде хабарлама жіберу міндеті жүктелген. Белгілі мерзімде міндеттемелер орындалмағандықтан, құрылысшыға жеке сот орындаушы арқылы мәжбүрлі орындау тізімі жолданған, нәтижесінде «A-TEKNIK» ЖШС-ға қатысты атқарушылық іс жүргізу басталды.
Оқиға кезінде қызмет көрсетуші ұйымы лифтіні пайдалануға беру үшін жөндеу-қалпына келтіру жұмысын жүргізіп отырған», – делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта лифтінің құлау фактісі бойынша еңбек инспекциясы, полиция департаменті, тұрғын үй инспекциясы және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдерінен комиссия құрылған. Оқиғаның себептері тергеліп жатыр.