Қар мен боранға байланысты тағы екі облыста жол жабылды
Көлік қозғалысы трассаның бірнеше учаскесінде уақытша тоқтатылды
Қарлы боран мен көру қашықтығының нашарлауына байланысты еліміздің екі өңірінде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«8 қараша 2025 жылы сағат 16:30-дан бастап ауа райының нашарлауына байланысты ауыр жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді», – делінген хабарламада.
Қозғалыс тоқтатылған жол учаскелері
Ақмола облысында шектеу 30–92 шақырымдық аралықта (Жібек Жолы ПВП – Қарағанды облысының шекарасы) енгізілді.
Қарағанды облысында қозғалыс 92–164 шақырымдық (Ақмола облысының шекарасы – Теміртау ПВП) аралықта тоқтатылды.
Сағат 18:00-ден бастап осы учаскелерде барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды.
Жол 9 қарашада ашылады
Жол қозғалысын қалпына келтіру уақыты – 9 қараша сағат 08:00 деп жоспарланып отыр.
Төтенше жағдайлар қызметі жүргізушілерге ауа райы жақсарғанша сапарға шықпауға кеңес берді.