Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі шықты: қаза болған пилоттар кінәлі деп танылды
Қайғылы оқиға 2019 жылғы 27 желтоқсанда болған
Алматыда Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі шықты. Әуе апатына алты жыл өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс бойынша айыпталушылар – әуе кемесінің ұшқыштары Марат Мұратаев пен Миржан Молдақұлов. Екеуі де апат кезінде қаза тапқан. Оларға екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзу бабы (ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі) бойынша айып тағылған.
Сот екі ұшқышты да кінәлі деп таныды. Олардың қазасына байланысты жаза қолданылмайды.
Сондай-ақ сот Bek Air компаниясының ұшақтары мен өзге де мүлкіне тыйым салу туралы шешім шығарды.
Қайғылы оқиға 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Астанаға бағыт алған рейс кезінде болды. Әуе кемесінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 13 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды.
Еске салайық, апаттан кейін 2020 жылы Bek Air компаниясының қызметі толық тоқтады. 2021 жылы Алматы облысында Bek Air ұшағы құлаған аумаққа жерді заңсыз беру ісі бойынша сот үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу, ал қалғандарына 2,5-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс бойынша бес экс-шенеунік пен бір риелтор сотталды. Оларға қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану және алаяқтық айыптары тағылған.
Айта кетейік, Bek Air апатынан қаза тапқан ұшқыштың қызы әділдік іздеп жүргені туралы хабарланған болатын.