«Әкемнің атын ақтағым келеді»: Bek Air апатынан қаза тапқан ұшқыштың қызы әділдік іздеп жүр
Bek Air апатынан 13 адам жан тапсырды

Бес жыл бұрын Алматы маңында Bek Air компаниясының ұшағы апатқа түсіп, оннан аса адам қаза тапты. Әуе кемесінің екінші ұшқышы Миржан Молдақұлов ауыр жарақаттанып, көп ұзамай көз жұмды. Оның отбасы ұшқышты ауыр халде жатқанына қарамай сағаттап тергеген құқық қорғау қызметкеріне жаза сұрап отыр. Миржан Молдақұловтың қызы Алина Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат беріп, әкесі туралы, қазіргі болып жатқан сот процесі туралы айтып берді.
«Әкемнің емен-жарқын күлкісі әлі көз алдымда. Менің әкеме ұқсаған тұсым да сол. Ол отбасымыздың тірегі еді, жақынына адал, қамқор болатын. Қолынан келген көмегін аямайтын. Бізді қатты жақсы көрді, үнемі қолдап отырды. Мен әкемнің қызы болдым. Бала күнімде мектепке өзі апарып, сабағымды оқытып, таңғы асымды да өз қолымен әзірлеп беретін. Есейіп кеткен кезімде де бұл дәстүріміз жалғасын тапты. Мені әр дүйсенбі күні жұмысыма апарып тастайтын. Жолда әңгіме айтып, әкелі-балалы болып сырласатын едік. Менің кішкентай сіңілім жақында сегізге толады. Әкем кеткенде екі жастағы сәби болды. Сол кезде әкем анама бала бағып, қарасу үшін демалыс алатыны есімде қалыпты», - дейді ол.
Миржан Молдақұлов 1965 жылы 4 мамырда Ақтөбе облысы Шұбаршы ауылында дүниеге келген. 13 жасынан бастап ұшқыш болуды армандаған. Ресейдің Саратов облысы Красный Кут қаласындағы Қызылқұт азаматтық авиация ұшқыштар училищесінде оқыған.
Алина «әкем өз мамандығын қатты жақсы көрді, өмірін соған арнады», - дейді.
2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air компаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшарады. Алматыдан Астанаға бет алған лайнер әуеге көтерілгеннен кейін кенет құлдилай жөнелген. Ұшақ әуежайдың қоршауын бұзып өтіп, Гүлдала ауылындағы екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Бортта 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болды. 12 адам қаза тауып, 66 адам зардап шекті. Әуе кемесінің командирі 58 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында көз жұмды. Ал 54 жастағы екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов қатты жарақаттанды.
Лайнер құлағаннан кейін ұшқыш әл-дәрмені барда дереу жұбайына қоңырау шалған.
«Анама хабарласып: «Біз құладық. Мені уайымдама, ешкімнің телефон қоңырауына жауап берме» деді. Әкем сұмдық апаттан ғайыптың күшімен аман қалды. Бірақ алған жарақаттары өте ауыр еді, оған әсері күшті дәрілер салынды. Сол кезде реанимацияда жатқан әкемді тергеушілер адвокатсыз үш күн бойы бірнеше сағаттан тергеді. Алғашқы тергеу ауыр операциялардан соң небәрі екі күн өткенде болған. Мұны тергеу деп айту қиын, дәрінің күшімен ғана жатқан әкемді одан әрі әлсіретті. Бұл нағыз азаптау еді. Әкемнің психологиялық денсаулығының нашарлағаны туралы ресми қорытындыдан кейін ғана бұл қорлық тоқтады. Ол біздің көзімізше өзін сергек ұстауға тырысатын, алайда дәрігерлер оның денсаулығына қатты алаңдады. 21 қаңтарда ауруханадан шығарып, үйге жіберді. Арада бір апта өткен соң қайтыс болды», - деп еске алады Алина.
Алина әкесінің денсаулық жағдайына қарамай ауруханада сұрақтың астына алған тергеушіні жауапқа тарту керек деп санайды. Оған қатысты іс қазір материалдарды зерттеу кезеңінде тұр, бес жылдан астам уақытта қалың томдар жиналып қалған.
«Бар кінәні көзі жоқ адамға арта салу оңай ғой. Егер сол жерде заңсыз үй салынбағанда әкем тірі қалатын еді. Сол үйді салған адамдар 2, 3 және 4 жылға сотталды. Жеңіл жаза алған олар қазір бостандықта жүр. Әкемді аяусыз тергеген тергеуші де еш алаңсыз тіршілік кешуде.
Анам әкем қайтыс болғалы әділдікке жету үшін арпалысып келеді. Тергеушіге қатысты шағымды жылдар бойы жазды, бірақ дәлелдер жеткіліксіз болып, еш нәтиже шықпады.
Тек сотта әкемнен жауап алу кезінің бейнежазбалары көрсетілген соң ғана айып тағуға негіз пайда болды. Ол ҚР ҚК 146-бабы - «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» бойынша ІІМ Көліктегі полиция департаментінің тергеушісі А. Сейтжапаровқа қатысты іс қозғауға негіз береді. Сонымен қатар барлық медициналық құжаттарды, сарапшылардың қорытындыларын және жауап алу бейнежазбаларын талап етіп, іске қоса отырып, жауап алу мен әкемнің өлімі арасындағы байланысты анықтау үшін кешенді сот-медициналық сараптама жүргізу қажет. Осы айып тағылған соң, өткен жылдың көктемінде іске адвокат қосылды», - деді ұшқыштың қызы.
Алинаның айтуынша, сот процесінің өзі өте күрделі болып отыр. Әуе апаты болған соң, көптеген техникалық жайттар ескерілуі керек.
«Бізге керегі тек әділдік. Интернетте апат туралы көптеген материалдар жария болды, өкінішке қарай, олардың бәрі шындық деуге келмейді, жағдай бұрмаланып жатады. Әкемнің атын ақтап алғым келеді. Халық оның ашық-жарқын, кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол адам болғанын білсе деймін. Ол қамқор әке, адал дос, сенімді әріптес болды. Әкем күні-түні тынбай еңбектенді, өз мамандығын сүйді, өмірден өтер-өткенше мықтылығын көрсетіп кетті», - деді Алина.
Еске салайық, апаттан кейін 2020 жылы Bek Air компаниясының қызметі толық тоқтады. 2021 жылы Алматы облысында Bek Air ұшағы құлаған аумаққа жерді заңсыз беру ісі бойынша сот үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу, ал қалғандарына 2,5-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс бойынша бес экс-шенеунік пен бір риелтор сотталды. Оларға қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану және алаяқтық айыптары тағылған.