$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.06.2020, 21:27
Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігінің басқарма басшылары 92 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Қорғаныс министрлігі бұл іске қатысты түсінік берді

Қорғаныс министрлігінің басқарма басшылары 92 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысында әскери ғимарат құрылысына бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікпен басқарма өкілдері ұсталды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

«Қарағанды облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің әскерді пәтерге орналастыру бас басқармасы капиталды құрылыс басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар іс жүзінде орындалмаған жұмыс ауқымы үшін орындалған жұмыс актісіне қол қою арқылы «Жезқазған қаласының жеке радиолокациялық ротасының кешенді ғимараты» нысанының құрылысына бөлінген 92 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді», - деді агенттік өкілдері.

Қорғаныс министрлігі бұл іске қатысты түсініктеме берді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚК ӘПОББ күрделі құрылыс басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны туралы мәлімет тарады. ҚР ҚК Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы 2015-2016 жылдары мердігерлік ұйыммен әскери бөлімдердің бірінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасасты. Құрылыс-монтаж жұмыстары уақытында аяқталып, нысан шартта белгіленген мерзімде тапсырылды. Пайдалануға қабылдау туралы актіге 2016 жылдың 26 қыркүйегінде қол қойылды», - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытқа дейін ғимараттардың бір бөлігі режимдік үй-жайдың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегендіктен пайдаланылмай отыр.

«Министрліктің қазіргі басшылығы әскери нысан құрылысының сапасы, өткен жылдардағы шарттарды адал орындамау фактілері, сондай-ақ жауапты лауазымды тұлғалардың осы мәселелерде сыбайластыққа жол бермеу туралы мәселесін бірнеше рет көтерді. Атап айтқанда, 15 маусымдағы аппараттық кеңесте жария етіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылдау жөнінде нұсқау берілген», - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Серіктес жаңалықтары