Сенат үздік журналистерді марапаттады
«Аманат» және «Туған ел» байқауларының қорытындысы жарияланды
Парламент Сенаты Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистерге арналған «Аманат» және «Туған ел» байқауларының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушылар мен жеңімпаздарға Палатаның заң шығару қызметін дәріптегені үшін алғыс білдірді.
«Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде журналистердің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні ресми түрде бекітілді. Бұл қадам – түрлі оқиғалар мен елімізде қолға алынған реформалар туралы халыққа шынайы және жедел хабар тарататын мамандарға деген құрметтің белгісі. Қазіргі күрделі уақытта журналистер дәрігерлермен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және еріктілермен бірге коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүр. Олар қауіп-қатерге қарамастан, азаматтардың дәлелді әрі дәйекті ақпарат алуы үшін аянбай жұмыс істеп жатыр. Отандық журналистердің қызметі әрдайым жоғары бағаға лайық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Байқау материалдарын тексерген комиссия құрамына Сенат депутаттары, белгілі жазушылар мен журналистер енген. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, бірнеше арнайы марапаттар да тағайындалды.
«Аманат» байқауының гран-при жүлдесі Qazaqstan телеарнасының тілшісі Оңғар Тоқановқа, бірінші орын «Информбюро» ақпарат агенттігінің тілшісі Жадыра Жолмұхаметоваға, екінші орын «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Лаура Түсіпбековаға, үшінші орын Zakon.kz порталының тілшісі Татьяна Ковалеваға бұйырды. Ал «Туған ел» байқауының бас жүлдесін Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Азамат Қасым иеленсе, бірінші орынды «Еуразия» бірінші арнасының «Сенат online» тележобасының ұжымы, екінші орынды «Хабар 24» телеарнасы тілшісі Мирлан Алтынбек, үшінші орынды Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің тілшісі Әмірболат Құсайын иеленді.