Алматыда алдағы демалыс күндері тағы да карантиндік шектеулер енгізіледі
Қосымша карантиндік шектеу шаралары 27 маусым күні сағат 00.00-ден бастап, 29 маусым күні cағат 00.00-ге дейін күшіне енеді
Алматыда алдағы демалыс күндері, яғни 27-28 маусымда карантиндік шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Azattyq Rýhy хабарлайды.
Өткен аптадағыдай, шаһардағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралардың қатарында базарларды, сауда-ойын-сауық орталықтарын, азық-түлік және қоғамдық тамақтану орындарын уақытша жабу көзделген.
Қабылданған шешімге сәйкес, көрсетілген кезеңде коронавирустық инфекцияның таралу қаупі жоғары жабық объектілердің қызметі тоқтатылатын болады:
- ірі сауда желілері (азық түлік, азық түліктік емес), үйдегі дүкендер түріндегі филиалдарын қоспағанда
жабық базарлар (азық-түліктік, азық-түліктік емес, әмбебап), сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері;
- қоғамдық тамақтану нысандары, көшедегі форматтағы ашық ауадағы нысандарды қоспағанда, әлеуметтік қашықты және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып;
- фитнес-орталықтар.
Базарлар өз қызметін 2020 жылдың 29 маусымы (дүйсенбі күні) қайта жалғастыра алады.
Қалалық мобилдік басқарма мамандары осы демалыс күндері Алматы мен қалаға жақын облыс аумақтарына қатынайтын қоғамдық көліктер толық тоқтайтынын мәлімдеді. Метро, троллейбус және бағыттық автобустар сенбі, жексенбі күндері жүрмейді. Ал таксилердің жұмысына шектеу болмайды. Таксопарктер санитарлық шараларды сақтаған жағдайда, қызметін бұрынғыдай көрсете алады.
Қоғамдық көліктер келесі дүйсенбіде әдеттегі тәртіпке көшіп, ертеңгі сағат 6:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қайтадан жолға шығады. Сондай-ақ 29.06.2020 жылы базарлар мен сауда орындары қайтадан іске қосылады.
Бірақ әкімдік таратқан баспасөз хабарламасында қоғамдық демалыс орындары, оның ішінде саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер қызметі тоқтатылатыны туралы көрсетілмеген. Ал фитнес орталықтарының жұмысы да екі күнге тоқтатылады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы