$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.06.2020, 17:07
Жаңалықтар

Шымкенттік шенеуніктер 1 киіз үйді 1 бөлмелі пәтер бағасымен сатып алмақ болған

Төтенше жағдай режиміне қарамастан тапсырыс беруші мекеме қаржының бір бөлігін орындаушы компанияға аударып жіберген

Шымкенттік шенеуніктер 1 киіз үйді 1 бөлмелі пәтер бағасымен сатып алмақ болған
Көрнекі фотосурет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары жүргізген мониторинг барысында Шымкенттік шенділердің аса ірі сомаға мерекелік іс-шара өткізбек болғаны анықталды. Бұл туралы аталған агенттіктің өкілі Айнагүл Карипова онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Атап айтқанда, Шымкенттің Мәдениет үйі этноауылда іс-шара өткізу үшін 334 миллион теңгеге ешқандай байқау жарияламай, бір көзден келісімшарт жасасқан. Бұл әрекетін олар келісімшартқа отырған компанияның іс-шара сценариіне авторлық құқығы бар деп түсіндірген. Дегенмен, жемқорлықпен күрес агенттігінің мамандары бұл құжаттардың күмән тудырып отырғанын айтады.

«Интеллектуалды меншік объектісі 1 наурыз күні әзірленген, куәлігі 3 наурызда тіркелген. Ал, мемлекеттік сатып алу жоспары 2 наурызда бекітіліп, екеуара келісімшарт 13 наурызда жасалған. Келісімшарт жасала салысымен Мәдениет үйі карантин режиміне қарамастан аталған компанияға 30% алдын ала төлем жасаған», - дейді А. Карипова.

Келісімшарт аясында 8 концерттік бағдарлама өткізу жоспарланған. Тек 10 киіз үйді орнату үшін ғана 55 миллион теңге бөлініпті. Олардың арасындағы бір киіз үйдің құны 6,5 миллион теңге деп көрсетілген, яғни Шымкент нарығындағы 1 бөлмелі пәтердің құнымен бірдей. Дәл осындай киіз үйді өзге облыстарда екі есе арзан бағада сатып алады.

Агенттік өкілі аталған келісімшарт күшін әзірге тоқтатқанын мәлімдеді. Өйткені, республика аумағында қандай да бір іс-шара өткізуге тыйым салынған.

Серіктес жаңалықтары