«Қазсушар» филиалдары 576 жаңа арнайы техника алды
Кәсіпорында техника паркі 34,6 пайызға жаңартылды

Су шаруашылығы қызметкерлері челленджді қолдап, жаңа техникаларын көрсетті. Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-ны жаңа автокөлік және техникамен қамтамасыз ету жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі таңда кәсіпорынның мамандандырылған техника паркі 34,6 пайызға жаңартылды. Бүгінде еліміз бойынша «Қазсушар» РМК филиалдары 576 жаңа арнайы техника алды. Жалпы алғанда кәсіпорынды 757 автокөлік пен құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жоспарланған.
«Министрлік ұсынған техникалар қатарында экскаваторлар, тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, самосвалдар, тартқыш көліктер, автокрандар, жанармай тасымалдағыштар, қосалқы құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар. Бұл жаңа автокөлік пен құрал-жабдықтар бүгіннің өзінде гидротехникалық құрылысжайларды механикалық тазалау және жөндеу жұмыстарында қолданылып жатыр. Бұл өз кезегінде су нысандарының сенімділігін арттырып, ирригациялық каналдардың өткізу қабілетін күшейтеді», – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.