Қостанай облысында алаяқтарға SIM картасын беріп, оларға көмектесіп жүрген жас жігіт ұсталды (ВИДЕО)
Күдікті бірнеше ай бойы телефон нөмірлерін тіркеп, оларды мессенджерлер арқылы заңсыз жалға беріп отырған.

Қостанай облысында киберқылмыспен күрес қызметкерлері жүргізген жедел іс-шара нәтижесінде WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде пайдаланылған SIM-карталарды заңсыз қосу және жалға беру схемасыәшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
SIM-карталарды жалға беру арқылы пайда тапқан
Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті бірнеше ай бойы ұялы байланыс операторларының SIM-карталарын тіркеп, оларды WhatsApp-та белсендіріп, кейін Telegram арқылы жалға берген.
Бірнеше ай ішінде ол 35-ке жуық абоненттік нөмірді жалға беріп, шамамен 5 миллион теңге табыс тапқан.
Алаяқтар «Сәлемдеме келді» схемасын қолданған
Осы нөмірлерді пайдаланып, алаяқтар Қостанай мен Тобыл тұрғындарын «Сізге сәлемдеме келді» деген сылтаумен алдап, 2 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Полиция дәлел ретінде құрылғылар мен SIM-карталарды тәркіледі. Күдікті өз кінәсін мойындаған.
Полиция ескертеді: SIM-картаны жалға беру – заңбұзушылық
Құқық қорғау органдары ескертеді: басқа тұлғалар атына тіркелген SIM-карталарды жалға беру немесе пайдалану – заңмен тыйым салынған әрекет.
Мұндай жағдайларда жауапкершілікке жалға беруші де, жалға алушы да тартылады.