«Дұрыс емес»: «Қайраттың» бас бапкері ойыншыларына қымбат сыйлық жасаған кәсіпкерлерге шүйлікті
«Реалға» қарсы ойыннан кейін жас қақпашыға су жаңа көлік сыйға берілді

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының матчтарынан кейін жекелеген футболшыларға берілген қымбат сыйлықтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған дейін команданың кейбір ойыншылары жеке сый-сияпат алған еді. Атап айтқанда, 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрзаға кәсіпкерлердің бірі «Реалмен» (0:5) өткен кездесуден соң көлік сыйлаған.
«Біз кәсіпкерлерге мұндай сыйлықтар жасауға қатысты тыйым сала алмаймыз. Бірақ бір ойыншыны бөліп алған дұрыс емес. Бұл – командалық спорт. Егер көмектескісі келсе, клубқа көмектессін. Сыйлық бергісі келсе – барлығына берсін. Бірақ мен оларға қалай жасау керектігін үйрете алмаймын. Командалық ойын болғаннан кейін біреуінің ғана еңбегін ерекше бөліп көрсету дұрыс емес. Біздің клубта да осындай ұстаным бар. Сондықтан менің пікірім – мұндай әрекеттер дұрыс емес. Мүмкін, бизнесмендер осыдан өзінің де пайдасын ойлайтын шығар, мен олардың ойын білмеймін. Егер шын қолдау көрсеткісі келсе, бәріне бірдей қолдау көрсетсін», — деді Уразбахтин.
Сонымен қатар қазақстандық маман жанкүйерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыста дамудың маңыздылығын атап өтіп, командаға артылған жауапкершілік пен қысымды қабылдай білу қажеттігін айтты.