Павлодар облысында колледж студенттері алаяқтарға SIM карталарын жалға берген
Алаяқтар Екібастұз тұрғындарына 12 млн теңге шығын келтірген

Павлодар облысында полиция қызметкерлері алаяқтық жасау үшін SIM-карталарды жалға бергендерді қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысының киберполиция қызметкерлері жалға алынған SIM-карталар мен WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарды пайдалану арқылы жасалған алаяқтық әрекеттерінің жолын кесті.
«2025 жылдың қыркүйек айында облыс және Екібастұз қаласы аумағында азаматтардың қаржысын қашықтан жымқырудың екі дерегі тіркелді. Келтірілген жалпы шығын 12 миллион теңгеден асты. Алаяқтар WhatsApp қосымшасы арқылы қоңырау шалып, түрлі мемлекеттік және қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Жеке деректерді қорғау мен киберқылмыстың алдын алу сылтауымен азаматтарды алдап, қолжетімділік кодтары мен банк деректерін иемденген», – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Ведомствоның мәліметінше, абоненттік нөмірлер үшінші тұлғалардан Telegram мессенджері арқылы келісім бойынша алынған. Көбінесе бұл схемаға өз SIM-карталары мен WhatsApp аккаунттарын жалға беріп, қашықтан «табыc табуды» ұсынған колледж студенттері тартылған. Төлем криптовалютамен жүргізілген.
«Жедел іс-шаралардың нәтижесінде өз нөмірлерін пайдалануға берген екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың қолынан 70-тен астам SIM-карта мен мобильді құрылғы тәркіленді. Схемада пайдаланылған 100-ден астам абоненттік нөмір анықталды. Қазіргі уақытта аса ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ ұйымдастырушыларды және нөмірлерді беруге, қылмыстық әрекетті үйлестіруге қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр», – деп атап өтті спикер.