«Арзан үй, жер тауып беремін, жұмысқа орналастырамын»: Астанада алаяқ 8 адамнан 49 млн теңге алған
Алаяқ пәтерлер мен жер учаскелерін төмен бағада ұсынған

Астанада пәтерлер мен жер учаскелерін арзан бағада алып беремін деген алаяқ 8 адамды тақырға отырғызып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, алаяқ жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті төмендетілген бағамен сатып алуға көмектесемін деп уәде берген.
Жәбірленушілерден ірі мөлшерде ақша алған соң оны өз қажеттіліктеріне жұмсап тастаған.
Мысалы, жәбірленуші кінәлі тұлғаға жер учаскесін төмен бағамен сатып алу және ұлттық компанияға жұмысқа орналастыру үшін 7 млн теңге берген. Алайда сотталушы өз уәдесін орындамаған.
«Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеп, оның 8 жәбірленушіге 49 млн теңгеден астам залал келтіргенін анықтады.
Сот үкімімен оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Материалдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы алаяқтық жасағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін назарға салады», – делінген прокуратура хабарламасында.