Дональд Трамп ұсынған 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспары Газа қақтығысына нүкте қоя ма
Ол ХАМАС-тың оң жауап беретініне сенім білдірді

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Вашингтонда келіссөздер өткізіп, Трамптың Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға арналған жаңа жоспарын қарастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуден кейін Ақ үй «Президенттің Газа секторындағы соғысты тоқтату жөніндегі толық жоспарын» жариялады.
АҚШ басшысы бұл келісімді тарихи күн деп атап, ХАМАС ұсынысты қабылдаған жағдайда, барлық тұтқын 72 сағат ішінде босатылады, ал соғыс тоқтайды деп мәлімдеді.
Дональд Трамптың айтуынша, егер ХАМАС бейбіт ұсынысты қабылдамаса, АҚШ Израильге толық қолдау көрсетіп, топқа қарсы әскери шараларды жалғастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен ол ХАМАС-тың оң жауап беретініне сенім білдірді.
Премьер-министр Беньямин Нетаньяху жоспарды қолдайтынын айтып:
«Бұл біздің әскери мақсаттарымызға қол жеткізуге мүмкіндік беред» ,- деді.
Оның айтуынша, жоспардың негізгі мақсаты ХАМАС-тың әскери және саяси әлеуетін жою және Газа секторынан Израильге төнетін қауіп-қатерді толық жою.
20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарының басты бағыттары:
- Газа "дерадикализацияланған аймаққа" айналып, терроризмнен азат болуы тиіс;
- Израиль әскері келісілген шепке шегініп, тұтқындарды босатуға дайындық жасайды;
- Әскери операциялар уақытша тоқтатылады, ал майдан шептері "қатырылады";
- Барлық тұтқындар қайтарылғаннан кейін Израиль 250 тұтқынды және 1700 Газадағы азаматты босатады;
- Қаруын тапсырған ХАМАС мүшелеріне амнистия жарияланады;
- Газаны тастап кеткісі келетіндер үшін қауіпсіз жол қамтамасыз етіледі;
- Анклав тұрғындарына жаңа инфрақұрылым мен тұрмыстық жағдайды жақсартуға басымдық беріледі.
Дональд Трамптың бұл бастамасы Газа қақтығысын тоқтатып, аймақта бейбітшілік орнатуға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып жатыр. Дегенмен, келісімнің орындалуы ХАМАС пен басқа да тараптардың шешіміне байланысты болмақ.