$ 542.8  637.84  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан мен Марокко қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге келді

Келісімді жүзеге асыру жөніндегі құзыретті органдар Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Марокконың Әділет министрлігі болады

Қазақстан мен Марокко қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге келді
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісі 2024 жылғы 12 желтоқсанда Рабат қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді бүгін ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжатқа сәйкес, тараптар қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін өз аумақтарында орналасқан адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндетті болады.

Ұстап беруге тек тараптардың заңнамасына сәйкес кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру немесе одан да қатаң жаза көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғалар жатады. Үкімді орындау үшін ұстап беруге сұрау салу кезінде қалған жаза мерзімі кемінде алты ай болған жағдайда жол беріледі.

Егер жеке тұлға сұрау салынатын тараптың азаматы болса, қылмыс саяси сипатта жасалса, сұрау салу нәсіліне, дініне немесе ұлтына байланысты қудалауға немесе жазалауға қатысты болса, қылмыс әскери қылмыс болса немесе сұрау салынған тарап жеке тұлғаға баспана берген жағдайларда ұстап беруден бас тартылады.

Келісімді жүзеге асыру жөніндегі құзыретті органдар Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Марокконың Әділет министрлігі болады.

Серіктес жаңалықтары