Көк байрағымыз жоғары көтерілгенде төбем көкке жеткендей болды – Айдос Сұлтанғали
Ол әлем чемпионатына өте жоғары деңгейде дайындалған

Таяуда Хорватияның Загреб қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали Olympic.kz сайтына берген сұқбатында көк байрағымыз көкке көтерілгенде қандай сезімде болғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балуан бұған дейін екі рет қола жүлде еншілегенін, ол кезде көк туымыз үшінші орында тұрғандықтан, кеудесін тіктей алмағанын атап өтті.
«Бұл жолы көк байрағымыз бәрінен жоғары көтерілгенде төбем көкке жеткендей болды. Ішкі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл медальға дейін талай қиындық пен жарақатты бастан өткердім. Сол еңбектің, төзімнің өтеуі ретінде алтын бұйырды деп ойлаймын», - дейді Айдос.
Ол әлем чемпионатына өте жоғары деңгейде дайындалғанын, тіпті 100 пайызға дайын болғанын айтты.
«Мен ғана емес, басқа да балуандар күресіп, барын салды. Өкінішке қарай, оларға жүлде бұйырмады. Бірақ бәріміз бабымызда едік. Аш адамдай әр белдесуден соң одан сайын жігерленіп, шаршаудың орнына алға қарай ұмтылдық», - дейді жас балуан.
Чемпион әлем біріншілігінен кейін демалмай, әрі қарай дайындықты жалғастыратынын атап өтті.
«Бұл әлем біріншілігі алда өтетін Азия ойындарына жолдама ретінде өтті. Келесі меже Азия ойындары. Басты мақсат - осы жерде көрсеткен нәтижені сол Азия ойындарында қайталау», - деп түйіндеді Айдос Сұлтанғали.