Ақтауда фастфудты жиі тұтынған тұрғынға қауіпті диагноз қойылды
Дәрігерлер ота жасамай, консервативті емдеуді қолданды, дегенмен аман қалу мүмкіндігі тек 50/50 болды

Ақтауда дәрігерлер ұйқы безінде ісік пайда болған 43 жастағы науқасты ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімшесіне 1982 жылы туған ер адам ауыр жағдайда жеткізілген. Науқастың талдаулары мен іш құрылысына жасалған жан-жақты тексеру барысында ұйқы безінде ісік анықталып, панкреонекроз диагнозы анықталды.
Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Кублановтың айтуынша, панкреонекроз – дүниежүзінде ең қауіпті сырқаттардың бірі. Бұл дерт кезінде ұйқы безінің тіні жойылып, ағзаның улануына әкеледі. Мұндай жағдайда науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі 50/50 шамасында ғана.
«Бұрын дәрігерлер мұндай диагноз қойылған бойда бірден ота жасаған. Ал қазір әлемдік медициналық тәжірибеге сүйене отырып, ең алдымен консервативті ем жүргізу тәсілі қолданылады. Егер дәрілік терапия көмектеспесе, науқасқа лапароскопиялық немесе ашық хирургиялық операция жасалады. Осы орайда біз де операцияға бармай, консервативті емді таңдадық. Науқас бөлімшеде 20 күн емделді. Жағдайы жақсарып, бүгін үйіне шығарылды»,– дейді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Ұзақбайұлы.
Науқас өз жағдайына байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, сырқатқа ұшырауына дұрыс тамақтанбауы, фастфудты жиі тұтынуы себеп болған.
«Өте ауыр жағдайда, қатты ауырсынумен түстім. Алғашқы сәтте шынымен өміріме қауіп төніп тұрғанын сездім. Дәрігерлер заманауи тәсілмен консервативті ем жүргізді. Қазір жағдайым жақсы. Кәсіби көмек көрсетіп жатқан барлық дәрігерге шексіз алғысымды айтамын. Осындай сынақтан кейін түсінгенім – ең алдымен дұрыс тамақтану керек екен. Сондықтан денсаулыққа зиянды тағамдардан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес беремін», – деді науқас.
Дәрігерлердің айтуынша, панкреонекроз көбіне жедел панкреатиттің асқынуынан туындайды. Оның негізгі себептеріне ұзақ уақыт бойы алкогольді шамадан тыс пайдалану, майлы әрі ащы тағамды көп тұтыну, өт жолдарының бітелуі немесе өт тас ауруы, іштің жарақаттары мен ауыр инфекциялар және созылмалы асқазан-ішек аурулары жатады.
Сондықтан мамандар халықты дұрыс тамақтануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақытылы дәрігерге қаралуға шақырады.