Оталдырып, қараусыз қалдырған: Екібастұз тұрғыны көлігінен айырылып қала жаздады
Кілтін қалдырып – «темір тұлпарынан» айырылып қала жаздады

Екібастұз полициясына түнде жеке үйдің ауласынан Volkswagen Vento маркалы автокөліктің ұрланғаны туралы хабар түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жәбірленушінің айтуынша, ол түнге қарай көлігін үйінің қақпасының алдына қойып, есіктерін ашық қалдырған, ал кілттерін көліктің күлсалғышында қалдырған. Осыны пайдаланған қаскөй көлікке отырып, еш қиындықсыз оталдырып, белгісіз бағытқа қарай кетіп қалған», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Ұрланған автокөлікке қатысты бағдар барлық кезекші полиция нарядтарына беріліп, «Құрықтау» жедел жоспары енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Екібастұз-Майқайың автожолында көлікті айдап кеткен күдікті ұсталды. Белгілі болғандай, ол мас күйінде болған. Факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Автокөлік заңды иесіне қайтарылды. Күдікті Павлодар қаласындағы арнайы қабылдау орнына қамалды.
Полиция көлік иелерін автокөліктерін қараусыз қалдырмауға, заманауи дабыл және ұрлыққа қарсы жүйелерді қолдануға, сондай-ақ қылмыскердің назарын аудартпау үшін көлікте кілт пен заттарды қалдырмауға шақырады.