Павлодар облысының екі тұрғыны әскери қызметкерді бопсалап, ақша алған
Қорқытып ақша талап етті деген күдікпен екі адам ұсталды
Павлодарда облысында әскери қызметшіден ақша бопсалады деген күдікпен облыс орталығының екі тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл қызметкерлері күдіктілерді қолға түсірді.
«Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер бірнеше ай бойы әскери қызметшіге моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, оның ақшалай қаражатын иемденген. Белгілі болғандай, ұсталғандар бұрын «қылмыстық ықпал ету ұйымында» болып, бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдардың ортасында жүрген. Қазіргі уақытта екі күдікті сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, сондай-ақ олардың басқа қылмыстық эпизодтарға қатыстылығы тексерілуде», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Павлодар облысының полициясы азаматтарды бейжай қалмауға және кез келген бопсалау немесе заңсыз әрекет фактілері туралы хабарлауға шақырады. Барлық өтініштер қатаң құпия түрде қаралады.