Қазақстанның сегіз қаласында экология нашарлайды – «Қазгидромет»
Синоптиктердің болжамы: сегіз қалада ауадағы зиянды заттар көбейеді

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 22 қыркүйекте, еліміздің сегіз қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл құбылыс белгілі бір ауа райы факторларының тоғысуына байланысты, нәтижесінде зиянды қоспалар жерге жақын ауа қабатында қалып, таралмай қалады.
«2025 жылғы 22 қыркүйекте қолайсыз метеожағдайлар Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Ақтөбе, Алматы қалаларында, түнде – Атырау мен Астанада күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
ҚМЖ дегеніміз не және ол несімен қауіпті?
Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) – бұл ауадағы зиянды заттардың таралуына кедергі келтіретін табиғи құбылыстар. Оларға:
- тымық ауа райы,
- әлсіз жел,
- тұман,
- температуралық инверсия жатады.
Мұндай жағдайларда зиянды қоспалар ауада ұзақ сақталып, әсіресе өнеркәсіптік аймақтарда және тығыз қоныстанған аудандарда ауаның сапасын нашарлатады.