Тарихқа енді: «Қайраттың» жас қақпашысына УЕФА-ның өзі таң қалды
Оның «Қайрат» сапындағы дебюттік ойыны Чемпиондар лигасында өтті
«Қайраттың» португалиялық «Спортингке» қарсы ойынында алаңға шыққан жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза пенальти қайтарып, Чемпиондар лигасының тарихына енді. Сол сияқты жас қақпашы төрт гол өткізіп алғанына қарамастан алаңдағы ойынымен УЕФА ұйымының өзін таң қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
УЕФА-ның ресми аккаунты 18 жастағы қақпашының ерекше тоқталды. Ұйым жас голкипердің алғашқы голды жібермеу уақытын былтыр дәл осындай матчта франциялық «Лилль» клубынан ұзақ сақтай алғанын атап өтті.
Ойынның 21-минутында Шерхан Қалмұрза Педру Хюльмандтың орындауындағы пенальтиді қайтарып, Чемпиондар лигасы тарихындағы 11 метрлік соққыны тойтарған ең жас қақпашылардың бірі атанды.
Матч өткен сәтте туғанына 18 жыл 96 күн болған. Абсолютті рекорд «Бенфика» қақпашысы Миле Свиларға тиесілі: ол 2017/18 жылғы маусымдағы топтық кезеңде «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойында, небәрі 18 жас 65 күнінде Антони Марсьялдың пенальтиін қайтарған.
Сонымен қатар, Шерхан Чемпиондар лигасында дебют жасаған ең жас үш қақпашының қатарына кіріп, мадридтік «Реалдың» аңыз қақпашысы Икер Касильясты да артта қалдырды.
Ең қызығы, жас қақпашы Қазақстан біріншілігінде де әлі дебют жасамаған. Оның «Қайрат» сапындағы алғашқы ойыны дәл осы «Спортингке» қарсы өтті. Қалмұрза 2022 жылдан бері «Қайрат» Академиясында жаттығып келеді. Биылғы маусымда ол Бірінші лигада «Қайрат-Жастар» құрамында 7 матчқа қатысты.
Айта кетерлігі, өткен түнде «Қайрат» Португалияда «Спортинг» командасымен күш сынасып, 1:4 есебімен есе жіберген. Өз қақпасына 4 гол жіберіп алған Шерханға жұрт қолдау білдірді.
«Қайрат», қақпашыларға не беріп жатырсыңдар?», «Голға ештеңе етпес. Шерхан өз жасы және бойы үшін өте тамаша ойын көрсетіп жатыр. Әлі оның бойы өседі, жілігі жуандайды», «Қақпашы мықты», «Бірінен бірі өткен қақпашылар», «Шерхан мықты. «Спортингке» қарсы керемет тұрды», «18 жаста ЧЛ-да ойнап, пенальти қайтару – үлкен жеңіс!» – деп жазды желі қолданушылары.