Астанада жүрген шетелдік азаматтар ойламаған жерден айыппұл арқалады
Көпшілік орындарды ластамаудың алдын алуға және санитарлық нормаларды сақтауға ерекше назар аударылады

Елордада Ұлттық музей маңында темекі қалдығын тастағаны үшін шетелдіктерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордада кез келген ұсақ құқық бұзушылықтарға қатысты «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.
Сонымен қатар, көпшілік орындарды ластамаудың алдын алуға және санитарлық нормаларды сақтауға ерекше назар аударылуда.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ғимаратының маңында темекі шегіп, қоқысын жерге тастаған төрт шетел азаматы анықталды. Құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Барлығы жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
«Жыл басынан бері Астанада ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 13 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған.
Барша елорда тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға шақырамыз. Барлық құқық бұзушылықтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылады», – делінген хабарламада.