Мәжіліс депутаты «Болашақ ойындарын» кейінге қалдыруды ұсынды
Ол депутаттар бұл шешімді бірауыздан қолдап отырғанын айтты

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, елімізде 2026 жылы өтуі жоспарланған халықаралық «Болашақ ойындары» турнирін кейінге шегеруді ұсынды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 21 ақпанда Қазанда өткен алғашқы «Болашақ ойындарының» ашылуында айтқан бастамасын Мәжіліс толық қолдайды. Қазақстанда мұндай фиджитал-сайыстарды өткізу IT-сектордың дамуына, спорт саласының өркендеуіне және елдің халықаралық имиджін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Алайда Пономарев қазіргі экономикалық жағдайда бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қомақты шығын жұмсау орынсыз дейді.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірістері 570,8 млрд теңгеге кем түсті. Әсіресе салық түсімдері 2023 жылмен салыстырғанда 604,6 млрд теңгеге азайды. Ал алдын ала мәліметтерге сәйкес, «Болашақ ойындарын» өткізуге шамамен 62 млрд теңге қажет. Бұл қаражат кемінде алты заманауи мектептің құрылысына жұмсалуы мүмкін еді», – деді депутат.
Осыған байланысты ол турнирді бірнеше жылға шегеруді ұсынды.
«Бұл халықаралық жобаны кейінге қалдыру Қазақстанға қиын экономикалық жағдайда іс-шараға әлдеқайда жан-жақты дайындалуға мүмкіндік береді. Біз серіктестеріміздің түсіністікпен қарайтынына, ал мемлекет басшысы бұл шешімді қолдайтынына сенімдіміз», – деді Сергей Пономарев.