Үржардағы трагедия: Астанаға ауыр күйде жеткізілген балалар жақында ауруханадан шығады
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді

Абай облысында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалар жақын күндері ауруханадан шығатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балалардың жағдайы туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен бүлдіршіндер жақын күндері ауруханадан шығарылады.
«Екі балаға да сәтті ота жасалды, жағдайлары жақсы, үйге шығаруға дайындалып жатыр», – делінген Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Айта кетейік, Үржарда көлік қағып кеткен үш бала қаза тауып, тағы үшеуі – ауыр халде болды. Қайғылы жол апатынан зардап шеккен екі бүлдіршін Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді.
Жақында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауруханаға арнайы барып, кішкентай пациенттердің жағдайын білді. Елордалық дәрігерлер науқастардың жағдайы туралы айтты. Абай облысы Үржар ауданынан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы Астанаға жеткізу үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) санитарлық авиация борты ұшып барған.