Үржарда көлік қағып кеткен үш бала қаза тапты, тағы үшеуі – ауыр халде: көмекке әскери ұшақ жіберілді
Қайғылы жағдай Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында болған жол апатынан зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің әскери ұшағы аттанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әскери авиацияның көмегі
C-295 әскери-транспорттық ұшағының бортында тәжірибелі медициналық бригада бар. Оның құрамына реаниматолог, нейрохирург және травматолог кірді. Дәрігерлердің басты мақсаты – ауыр халдегі балаларға шұғыл көмек көрсету.
Жол апатының мән-жайы
Қайғылы жағдай Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болды.
55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қағып кеткен.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Жараланғандар аудандық ауруханаға жеткізілді.
Тергеу жалғасуда
Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жүргізушінің кінәсі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.