Өртке себеп болуы мүмкін: Абай облысында қауіпті плиталар анықталды
Қазақстанда сапасыз электр плиталары нарықтан алынды

Абай облысында тексеріс барысында тұтынушылар үшін қауіпті тұрмыстық техника әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Электр плитасының қуаты жалған көрсетілген
Сәйкестік декларациялары ұсынылған үстел үсті электр плиталары зертханалық сынақтан өтті. Құжатта көрсетілген 3500 Вт орнына, құрылғының нақты қуаты небәрі 1960 Вт болып шықты. Бұл нормадан шамамен 44%-ға төмен. Сонымен қатар, айнымалы ток қуат порттарының параметрлері талаптарға сәйкес келмеді.
Мемлекеттік тілде нұсқаулық болмаған
Тұтынушыларға арналған мемлекеттік тілдегі ақпараттың жоқтығы да заң бұзушылық ретінде тіркелді.
Қауіпсіздік талаптары сақталмаған
Мұндай сәйкессіздіктер ТР ТС 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентін бұзды. Сарапшылардың айтуынша, құрылғының тұрақсыз жұмысы ішкі элементтердің қызып кетуіне, істен шығуына және тіпті өртке себеп болуы мүмкін.
1000-нан астам қауіпті құрылғы қайтарылды
Нәтижесінде сәйкестік декларациясының күші жойылып, импорттаушы компания сапасыз 1002 электр плитасын өндірушіге қайтарды. Осылайша олардың Қазақстан аумағында таралуына жол берілмеді.