Нұр-Сұлтанда кейбір мекемелер науқас қабылдайтын стационар ретінде жабдықталады
Келесі аптада елордада қосымша 200 төсек-жабдық беріледі

Келесі аптада елордада қосымша 200 төсек-жабдық беріледі және өзге мекемелер науқас қабылдайтын стационарға бейімделеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Вирус ешқайда кеткен жоқ. Қазір ең бастысы - қосымша төсек-жабдықпен, медициналық препаратпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Мен қалалық және жеке емханалар мен ауруханалардың, зертханалар мен дәріханалардың басшыларымен онлайн кездесу өткіздім. Біріншіден, зертханалар келесі аптадан бастап, қуаттылығын арттырады. Мәселен, «Invivo» зертханасы тест көлемін тәулігіне бір мыңнан екі мыңға дейін көбейтеді. «Олимп» адам санының көптігінен және жүйені өңдеу үшін жұмысын сейсенбіде бастайды, олар да жұмыс әлеуетін арттырады. Бұл басқа зертханаларға қатысты», - деп жазды әкім.
Екіншіден, әкім тестік режимде мобильді зертханалар іске қосылатынын жазды. Бұл арқылы таңы бір мың тест қамтамасыз етіледі. Бір топ медициналық қызметкер арнайы оқудан өтіп, ПТР-тест алып, нәтижесін өңдеуді үйренді. Әкімнің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
«Дүйсенбіден бастап, қосымша 200 төсек-жабдық беріледі. Өзге де мекемелерді науқас қабылдайтын стационарға бейімдейміз. Травматология және ортопедия ҒЗИ, Ұлттық ғылыми медициналық орталық, Green Clinic сынды республикалық клиникалармен компьютерлік томография жүргізу жөнінде емханалармен байланысу келісіміне қол қойылды. Бұл пневмонияны бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, қосымша томографиялар мен жасанды өкпе желдету аппараттарын сатып аламыз», - деп жазды әкім өзінің Instagram парақшасына.
Сонымен қатар Алтай Көлгінов жедел жәрдем қызметкерлерінің жүктемесін азайту үшін әрбір емханада колл-орталық жұмыс істейтінін айтты.
«Бұған дейін жедел жәрдемге мыңнан астам қоңырау келіп түссе, қазір бұл көрсеткіш 4 мыңға жетті. Бұл - жедел жәрдем мен медицина қызметкерлері үшін ауыр жүктеме. Жедел жәрдем станциясы базасындағы колл-орталық жүктемені жеңілдетуге көмектеседі. Енді мұндай колл-орталықтар әр емханадар жұмыс істейтін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар да әлі жалғасады», - деп жазды ол.