Ежелгі сарматтарға тиесілі ме: БҚО-да 150-ге жуық көне қорған табылды
Ғалымдар мұнда жоғары мәртебелі адам жерленуі мүмкін деп болжап отыр

Батыс Қазақстан облысында археологтар ерте темір дәуіріне жататын ерекше кешен – шамамен 150 қорғанды анықтады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Ерекше қорған – 140 метрлік ор
Мамандардың айтуынша, ең ірі қорғанның ор шеңберінің ені 140 метрге жетеді. Ғалымдар мұнда жоғары мәртебелі адам жерленуі мүмкін деп болжап отыр.
Сирек кездесетін пішіндер
Табылған қорғандардың ерекшелігі – олардың пішіні әртүрлі. Тікбұрышты, дөңгелек әрі қосарланған қорғандар бар. Мұндай нысандар өте сирек кездесетіндіктен, тарихи тұрғыдан құнды болып саналады.
Қазба жұмыстары қаржыға байланысты
«Толыққанды қазба жұмысын бастау үшін құжаттама рәсімдеу мен қаржыландыру қажет. Содан кейін ғана бұл қорғандар осы өңірде өмір сүрген сарматтарға тиесілі ме, соны анықтаймыз», – деді БҚО ескерткіштерді қорғау инспекциясы.
Жергілікті аңыздар мен тылсым құбылыстар
Аймақ тұрғындары бұл өңірге ерекше құрметпен қарайды. Бірі оны киелі жер десе, енді бірі қорғандардың үстінде жұмбақ жарықтар пайда болатынын немесе маңынан өткен көліктердің кенеттен істен шығатынын айтады.