$ 537.34  623.05  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбелік кейуана 110 жасқа толды

Асхат Шахаров еңбекке ерте араласып, екі ғасырдан астам уақыттың жүзін көрген ер анаға алғыс білдірді

Ақтөбелік кейуана 110 жасқа толды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Жәкібай Бисенғалиеваны мерейлі 110 жасымен құттықтап барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соғысы жылдарында тылда тер төкті

Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше әжей 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген, тыл еңбеккері. Ұзақ жылдар қазіргі Хромтау ауданында тұрған.

Облыс басшысы соғыс жылдарынан бастап еңбекке ерте араласып, екі ғасырдан астам уақыттың жүзін көрген ер анаға алғыс білдірді.

«Сіздің ғұмыр жолыңыз – бәріміз үшін үлкен өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай тер төгіп, елді дамыту жолында адал еңбегіңізді сіңірдіңіз. Осындай қажырлы еңбегіңіздің арқасында нағыз адал азамат ұғымының жарқын үлгісін көрсете білдіңіз. Өмірдің барлық сынағына төтеп беріп, ұрпақ тәрбиелеуде төзім мен табандылық таныттыңыз. Бүгінде немере-шөберелеріңіздің ортасында қадірлі әже атанып отырғаныңыз мағыналы ғұмырыңыздың жемісі. Ақтөбе облысының жұртшылығы атынан Сізге зор денсаулық және бақ-береке тілеймін», - деді Асхат Шахаров.

Әз ана әлі де тың. Әңгімесін асықпай айтып, құттықтап келген баршаға ақ батасын берді.

Жәкібай әжей екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған, ешқандай қиындыққа мойымаған жансебіл ана. Новороссийск ауданы ұжымшарында астық таразылап, тракторшы, кітапханашы және сауыншы болып жұмыс істеген.

Үш бала тәрбиелеп өсірді

Жұбайы Ғабит Бисенғалиев атамыз Ұлы Отан соғысынан бірінші топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы дүниеден озған. Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп, өсірді. Қарт ана қазір бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Ол 3 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған аяулы әже.

«Жасым – 19-да. Жәкібай әженің шөбересімін, кішкентайымнан еркелетіп өсірді. Қазір бірге тұрамыз. Бәріне, достарыма, менің әжемнің жасы 110 жаста деп айтып, мақтанып жүремін.  Түркияда оқып жатырмын. Елге, үйге, әжеме жеткенше, асығамын», - деп Қасымхан Бисенғали қуанышын бөлісті.

Серіктес жаңалықтары