Зейнетақы қоры БҚО-да 20 жыл жүргізуші болған зейнеткердің ақысын жеп келгені анықталды
Батыс Қазақстан облысында зейнеткер сотта жеңіске жетті

Орал қаласының тұрғыны өз зейнетақысының әділ есептелуін талап етіп, сот арқылы құқығын қорғауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зейнетақы тағайындау кезіндегі мәселе
Жоғарғы соттың мәліметінше, 2023 жылы 65 жастағы ер адам жасына байланысты зейнетақы алу үшін уәкілетті органға өтініш берген. Оған 2020 жылғы мамырдан 2023 жылғы сәуірге дейінгі кезеңдегі орташа табыс негізінде зейнетақы бекітілген.
Алайда, зейнеткер кейін жұмыс берушісінің 2023 жылдың сәуір-тамыз айларында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жарналарды кешіктіріп аударғанын біліп, қайта есептеу жөнінде өтініш жазды.
Уәкілетті органның жауабы
Мемлекеттік орган азаматтың өзі таңдаған үш жылдық кезең (2020 мамыр – 2023 наурыз) есепке алынғанын алға тартып, арызды қанағаттандырмаған. Бұл шешім зейнетақы мөлшерін төмендетіп, төлемдердің жалпы сомасына айтарлықтай әсер етті.
Соттағы шешім
Бірінші сатыдағы сот зейнеткердің арызын қанағаттандырды. Құжатта мынадай негіздер көрсетілді:
- талап қоюшы 20 жыл бойы автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып үздіксіз еңбек еткен;
- жұмыс берушінің жарналарды кешіктіруі зейнеткердің құқығын шектемеуі тиіс;
- уәкілетті орган 2023 жылғы сәуір-тамыздағы кірістер мен жарналар туралы хабардар болған;
- 2020 жылғы қыркүйек – 2023 жылғы тамыз аралығы ең қолайлы кезең ретінде есепке алынуы керек.
Жоғарғы соттың түпкілікті шешімі
Апелляциялық шағымнан кейін Батыс Қазақстан облыстық соты да, кейін Жоғарғы Сот та зейнеткердің пайдасына шешім шығарды.
Нәтижесінде, зейнеткер өз құқығын толық көлемде қорғап, зейнетақысы қайта есептелетін болды.