ХАМАС Израильдің бітімге келу жөнінде ұсынысын қабылдады
Бүгінге дейін Газада соғыстан қаза тапқандардың саны 62 мыңнан асты

Газа секторындағы ХАМАС қозғалысы Израиль ұсынған атысты тоқтату туралы келісімге келісті. Бұл ақпаратты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесінің кеңесшісі Дмитрий Гендельман растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін Al-Jazeera басылымы өз дереккөздеріне сүйене отырып, қозғалыстың делдалдарға соңғы бітімгерлік бастамамен келісетінін және соғысты аяқтау шарттарын талқылау үшін келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін жазған.
БАҚ мәліметінше, бүгінге дейін Газада соғыстан қаза тапқандардың саны 62 мыңнан асты.
Жаңа келісім аясында 60 күнге әскери қақтығыстарды тоқтату, гуманитарлық көмекті жеткізу үшін Израиль әскерін қайта орналастыру және 50 израильдік тұтқынның жартысын палестиналық тұтқындарға алмастыру қарастырылған. ХАМАС мұны «жан-жақты шешімге апаратын жолдың бастауы» деп атады.