Шерзат Полат ісі: куәгер ретінде қатысқан екі қыздың ісіне қатысты тың мәлімет жарияланды
Апелляциялық сот отырысы өтетін болды

Марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша айналысып жүрген адвокат Мейірман Шекеев сотта куәгер ретінде қатысқан екі қызға қатысты тың мәлімет жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адвокаттың айтуынша, іс бойынша сотталған 8 адамның апелляциялық шағымдары қаралатын отырыс өтеді.
«Марқұм Шерзаттың ісі бойынша бірінші сатыдағы соттың үкіміне сотталушылар тарапынан түсірілген апелляциялық шағымдарды қарау соты, 18.08.2025 жылы сағат 11:00-де, Алматы облыстық сот ғимаратында басталады.
Екі қызға да қатысты шыққан жеке қаулыға берілген Дананың жеке шағымы да сол сот отырысында қаралады деп күтіліп отыр», - дейді Мейірман Шекеев.
Ол сөзін жалғай отырып, Юлдаш Розыбакиев пен Арлан Қазекеновке қатысты шыққан бірінші сатының жеке қаулысына келтірілген Дана Жақсыгелдінің де жеке шағымы осы сот отырысында қаралатынын да қозғап өтті.
Айта кетейік, Шерзат Полатты өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі жарияланған болатын.
- Басты күдікті Абзал Шынасыл ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша 23 жылға сотталды.
- Равиль Сакиев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
- Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Нұрқиас Ілиясов – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), бұрынғы соттылығына байланысты 9 жылға сотталды.
- Шыңғыс Белғожаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
- Дархан Әскентай – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Нұрбол Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
- Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 айға сотталып, жуырда түрмеден босап шықты.