Бірнеше көлікті соғып, қашып кетті: Астанада мас жүргізуші темір торға қамалды (ВИДЕО)
Ол осы әрекеті үшін темір торға қамалып, жүргізуші куәлігінен айырылды

Астанада түнгі уақытта мас жүргізуші Nova City тұрғын үй кешенінің ауласында бірнеше көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кетті. Полицейлер қашқан жүргізушіні көп ұзамай ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға куәгерлердің көз алдында болған. Алдымен такси жапсырмалары бар көлік қытай жүк көлігіне соғылған, кейін қатар тұрған бірнеше автокөлікті сырған.
«Қатты дауысты естіген көршілер мас жүргізушіні тоқтатпақ болды, бірақ ол жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кетті», – делінген полиция хабарламасында.
Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.