«Жылап тұратын едім»: Мақпал Жүнісова алғашқы махаббатына неліктен қосыла алмағанын айтты
Әнші өзінен екі сынып жоғары оқыған Қанат Кәрбозов деген балаға ғашық болыпты

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова «Алғашқы» бағдарламасына берген сұхбатында алғашқы махаббаты туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алғашқы махаббатымды әлі ұмытқан жоқпын. 3-сыныпта оқып жүргенімде 5-сыныпта Қанат Кәрбозов деген бала оқыды. Өте келбетті бала болатын. Бірақ сол махаббатым бұйырмады. Мен «Гүлдер» ансамбліне келгенде әскерден оралды. Сол кезде маған Қабдеш деген досын жіберіпті. «Қанат сізге келсін деп жатыр» деді. Мен «бір жыл шыдасын, «Гүлдерге» жаңадан келдім, аз да болса еңбек етіп қалайын. Бір жылдан кейін жазда барамын, отбасын құрамыз» деп айтып жібердім. Күтпеді ғой», - деді Мақпал Жүнісова.
Ол «Кетсең де шалғай» деген әнін сол Қанатқа арнап айтқанын атап өтті.
«Кетсең де шалғааай» деп жылап тұратын едім ғой. Ол кісі 5 жыл бұрын марқұм болып кетіпті. Бір күні Қанаттың баласы қоңырау шалды. Мақпал апа, мен Қанат Кәрбозовтың баласы едім деді. Жүрегім дір ете түсті. Иә, не болды, айналайын деп едім, әкем «мен қайтыс болғанда, Мақпалға хабар бер» деп аманаттап кетіп еді деді. Әлі күнге дейін ол кісінің суреттері, хаттары альбомымда сақтаулы тұр», - деп түйіндеді әнші.
Еске сала кетейік, өткен айда Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовтың Кегендегі ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ол жантебірентерлік сәттің видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Бұған дейін Мақпал Жүнісова журналист қызы Мерейдің тұрмыс құрғанын көріп, әже болуды армандайтынын айтқан болатын.