Астанаға қоныс аударушылар саны алғаш рет Алматыдан асып түсті – зерттеу
Бұл көрсеткіш соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстан өңірлерінен Астанаға 80,4 мың жаңа тұрғын қоныстанды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Бірінші кредиттік бюроға» (БКБ) сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
БКБ сарапшыларының дерегінше, қаңтар-маусым айларында ел өңірлерінен келгендер саны алғаш рет 80 мыңнан асты.
«Осылайша, екі жыл қатарынан Астана Алматыға қарағанда өңірлерден қоныс аударушыларды көбірек қабылдап отыр. Бұған дейін оңтүстік мегаполис көш басында болатын», – делінген БКБ хабарламасында.
Көші-қонның негізгі бөлігі Ақмола облысынан (14,5 мың адам), Түркістан облысынан (7,9 мың) және Алматыдан (7 мың) келді. Бұл үш өңір ішкі мигранттардың 37%-ын қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, аталған кезеңде 43,6 мың астаналық өз тіркеуін өңірлерге ауыстырған. Олар ең көп таңдаған өңірлер – Ақмола облысы, Алматы және Түркістан облысы.
Астанаға халықтың таза келуі 36,8 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш Алматыдан (16,9 мың) екі еседен аса жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, шетелден келетін мигранттар әлі де Алматыны жиі таңдайды: жарты жылда ел астанасына шетелден 1 мың адам келсе, оңтүстік мегаполиске 1,8 мың адам келген.