Атыраудағы тергеу изоляторының қызметкерлері қателесіп басқа тұтқынды шығарып жіберген
Бостандыққа шығаруға арналған құжаттарды ресімдеу кезінде олардың қолына басқа адам туралы мәлімет түскен

Атырау облысында қызық жағдай болды, тергеу изоляторының қызметкерлері қателесіп басқа тұтқынды бостандыққа шығарып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Aқ Жайық сайтының мәліметінше бұған қамаудағы адамдардың тегінің сәйкес келуі себеп болған. Бостандыққа шығаруға арналған құжаттарды ресімдеу кезінде олардың қолына басқа адам туралы мәлімет түскен болып шықты. Қағаздарға тергеу изоляторының бірнеше басшысы қол қойған, содан кейін «бақытты адам» уақытша ұстау изоляторынан шығып кеткен.
Алайда ол бостандықта көп жүрмеді: қызметкерлер қатені байқаған бойда кері қайтарылды.
«Тергеу изоляторының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына полиция, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келді», - деп хабарлады дереккөз.
Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше қызметкер жіберген қатенің салдарынан сотталғанды мерзімінен бұрын босату туралы құжат ресімделген.
«Құқық бұзушылық дер кезінде анықталып, тоқтатылды. Сотталушы түзеу мекемесінде отыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу жүріп жатыр. Кінәлі шенеуніктер заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады», - деп жазылған хабарламада.