$ 537.96  630.27  6.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Көлік те, ақша да жоқ»: Алматыда 20-дан астам адам жер сипап қалды

Олардың дені миллиондап ақша құйып, үш жылға жетпей көлікті атына рәсімдемек болған

«Көлік те, ақша да жоқ»: Алматыда 20-дан астам адам жер сипап қалды
Фото: pixabay

Алматыда көлікті кейін сатып алу құқығымен жалға алған 20-дан аса азамат жер сипап қалды. Олардың сөзіне сенсек, алғашқы салым ретінде 500 мың теңге құйған. Қалған соманы күн сайын компания шотына жіберіп отырыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

Компания өкілдері осыдан үш ай бұрын сол көліктерді тексереміз деп алып, қайтармай қойған. Содан бері басшысы да із суытқан.    

Көлікті жалға алып, кейін атымызға жазамыз деп, бөркін аспанға атқандардың қуанышы көпке созылмады. Соның бірі — алматылық Алмагүл Мырзағұлова. Ол жаңа көлікке ағашқы жарна ретінде 500 мың теңге төлеген. Қалған соманы күн сайын компания берген шотқа жіберіп отырыпты.

«Бір жыл бұрын көлік алдым. Бұл кісілер келісімшартты қолыма берді. Келісімшарт бойынша үш жарым жылдан кейін көлік менікі болу керек. Күніне 20 мың теңгеден төлеп отырдым. Бір жылда мен 6 миллионнан аса ақша төлеймін. Бірақ бұл кісілер бір жыл өткеннен кейін келісімшартты бұзды. Яғни машинаны тексеруге алып келіңіздер деді, бірақ ол өтірік алдау болды»,  - дейді Алмагүл Мырзағұлова.

Алмагүл сияқты «жекеменшік компанияға алдандық» деген тағы жиырмадан астам адам бар. Дені миллиондап ақша құйып, үш жылға жетпей көлікті атына рәсімдемек болған. Үш жылдан кейін көлік атыңызға аударылады дегеннен кейін мамандарға күмән келтірмеген.

«Жалпы көлікке 6 млн 300 мың төледім. Көліксіз қалдық. Қолымызда келісімшарт бар. Төленген ақшамызды ала алмай отырмыз. Машина да жоқ, алдап алып қойды. Төлеген ақшамды қайтарып берсін. 7-8 миллион төлегендер бар», - дейді Еркін Бейсеқұлов.

Көпшілік «алдап соқты» деген компанияның басшылығы телефонын көтермеді. Алданған тұрғындар да оны үш айдан бері таба алмай жүр. Амал жоқ, барлығы бірігіп арыз жазған.

«Көлік құралдарын жалға алу арқылы, содан кейін осы көлік құралдарын сатып аламыз деген ниетпен алданып қалғандарын айтты. ҚР ҚК 190-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс аясында арызданған 16 азамат ресми жәбірленуші», - деп түсіндірді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алданғанын кеш түсінгендердің жалғыз талабы — ақшаны қайтарып қана қоймай, елді осылай сабылтқандар жазалануы керек.

Серіктес жаңалықтары