Павлодар тұрғыны алаяқтардың қолына түскен 30 миллиондық көлігін қайтарып алды
Алаяқ басқа эвакуатор шақыртып, автокөлікті қала сыртына шығарған

Таразда тәртіп сақшылары құны шамамен 30 миллион теңге болатын автокөлікті заңсыз иеленуге бағытталған ірі алаяқтық әрекетті дер кезінде әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жарты жолда «көлік иесі» хабарласқан
Павлодар қаласының тұрғыны Алматыдағы автосалондардың бірінен LI-9 жаңа автокөлігін сатып алып, барлық қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін оны үйіне жеткізу үшін эвакуатор қызметін пайдалануға шешім қабылдаған. Алайда тасымалдау барысында бөтен адам өзін көліктің иесі ретінде таныстырып, қулығын іске асыруға тырысқан.
«Эвакуатор автосалоннан шыққан сәтте жүргізушіге бейтаныс азамат қоңырау шалып, өзін Николай деп таныстырған. Ол көліктің иесі екенін және эвакуатор қызметінің бір бөлігін төлегенін айтып, бағытты өзгертуін сұраған. Сондай-ақ көлікті қаладағы тұрақтардың бірінде қалдыруды өтінген», - деп жазылған хабарламада.
Аңғалдық танытқан жүргізуші оның айтқанын орындаған. Осыдан кейін алаяқ екінші эвакуатор шақыртып, автокөлікті қала сыртына шығарған.
«Бұл уақытта шынайы иесі GPS қадағалау жүйесі арқылы көліктің жоспарланған бағыттан ауытқығанын байқап, дереу полицияға хабарласқан»,- дейді полицейлер.
Жедел басқару орталығы оқиға туралы мәліметті Жамбыл облысы полиция департаментінің барлық патрульдік экипажына жеткізген.
Көлік көп ұзамай табылды
Патрульдік полиция батальоны мен жедел басқару орталығының қызметкерлері көлікті көп ұзамай тауып, иесіне қайтарды.
Күдікті автокөлікті қаладағы автосервиске апара жатқан жерінен ұсталды. Ол көлікті автосервиске өткізіп, ізін жасырып әрі кейін сатуды көздегені анықталды.
Көлік иесі Николай Киселев тәртіп сақшыларына шынайы алғысын білдіріп, олардың жедел әрі кәсіби әрекеті арқасында көлігі аман қалғанын атап өтті.